Еуропа лигасының бірінші айналымында «Ақтөбе» клубы Польшаның мықтысы «Легияға» шамасы жетпеді.
Ақтөбеде өткен Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінің жауапты матчында жергілікті «Ақтөбе» поляктың «Легия» (Варшава) командасын қабылдап, 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша (0:2), қазақстандық клуб турнирден тыс қалды.
Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ екі команда да шабуылға жиі шығып, тартысты ойын көрсетті. Дегенмен алғашқы таймда қауіпті сәттерді көбірек қонақтар ұйымдастырды. Екінші таймда «Ақтөбе» қысымды күшейтіп, белсенді прессинг көрсетті, бірақ нәтиже шықпады.
Кездесу тағдырын 90+2-минутта соғылған жалғыз гол шешті. «Легия» сапынан Элитим есеп ашып, өз командасына жеңіс сыйлады.
«Ақтөбе» (Қазақстан) — «Легия» (Польша) 0:1 (0:0)
Гол: Элитим 90+2 (0:1)
Бірінші матч: 0:1
«Ақтөбе» Еуропа лигасының іріктеуінен шығып қалғанымен, Еурокубоктағы жорығын жалғастырады. Олар Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Чехияның «Спарта» (Прага) клубымен кездеседі.