Бюджеттік спорт түрі саналатын футбол ақылыға айналуда, деп хабарлайды Aladop.kz.
ЖаркOff телеграм арнасына "Ақтөбе” футбол орталығында тәрбиеленіп жатқан жас спортшылардың ата-аналарынан анонимді түрде арыз-шағым түсті.
Хат иелері бюджеттік спорт түрі саналатын футболдың ақылыға айналғанына және бапкерлер тарапынан жасалатын қысымға наразы.
"Доп пен фишкаға дейін өзіміз сатып аламыз"
Ата-аналардың айтуынша, футбол орталығы базалық қажеттіліктермен қамтамасыз етілмеген. Балалар жаттығуына қажетті доптар мен фишкаларды ата-аналар өз қаражаттарына сатып алуға мәжбүр. Бұдан бөлек қала ішіндегі жарыстардың өзіне ақша жиналады және басқа қалаларға шығу үшін әр ата-анадан 150 000 – 200 000 теңге көлемінде қаражат сұралады.
Бір қалаға баратын әртүрлі топтардан әртүрлі сома жиналуы ата-аналардың күмәнін тудырып отыр.
Жалған еріктілік: Ақылы ОФП мәселесі
Қысқы маусымда жағдай тіптен қиындаған. Енді бапкерлер балаларға арнайы ақылы ОФП (жалпы физикалық дайындық) сабақтарын ұсынуда. Ресми түрде бұл өз еркімен деп айтылғанымен, шын мәнінде ата-аналарға ашық қоқан-лоқы жасалуда:
"Егер бала ақылы ОФП-ға бармаса, оның ойын уақыты шектеледі немесе негізгі құрамға ілікпейді." — деп жазады хат иесі.
Ата-аналар "ОФП — жаттығу процесінің ажырамас бөлігі емес пе, неге оны бапкер тегін жүргізбейді немесе футбол орталығы ұйымдастырмайды?” деген сұрақ қойып отыр.
Қорқыныш пен үнсіздік
Көптеген ата-аналар бұл жүйеге қарсы болса да, ашық айтуға қорқады. Себебі — баласының спорттық болашағына зиян келуінен, құрамнан шеттетілуінен немесе мүлдем орталықтан шығарылуынан сескенеді.
Бұл жағдай "Ақтөбе” клубының басшылығы мен жергілікті спорт басқармасы тарапынан шұғыл тексеруді қажет етеді. Бюджеттен қаржыландырылатын орталықта мұндай заңсыздықтардың орын алуы — отандық футболдың дамуына балта шабатын әрекет.