Қазақстандық футбол жанкүйерлері арасында "Ақтөбе" бас бапкері Николай Костовтың қызметінен кетуіне қатысты ақпарат қызу талқылануда, деп хабарлайды Aladop.kz.
ЖаркOFF телеграм арнасы Болгариялық әріптестеріне сілтеме жасай отырып, маманның жұмыстан босатылғаны туралы мәліметті растады.
Қазіргі уақытта Николай Костов пен оның көмекшілері клубпен есеп айырысу процесін күтіп жүрген көрінеді. Мәліметтерге сенсек, Болгариялық бапкер Қазақстаннан кеткісі келмейді және мансабын ҚПЛ-да жалғастыруға ниетті. Алайда сарапшылардың пікірінше, дәл қазіргі сәтте Костовтың отандық чемпионаттағы өзге клубтардың біріне бас бапкер болып тағайындалуы екіталай.
"Ақтөбенің” тізгінін ұстайтын жаңа маманға қатысты да алғашқы болжамдар айтыла бастады. ЖаркOFF мәліметінше, “Қызыл-Ақтардың" тізгінін алыс шетелден келетін бапкер ұстауы мүмкін. Әзірге кандидаттардың нақты есімдері аталмағанымен, басшылықтың таңдауы шетелдік маманға түскені белгілі болып отыр.