"Легия" командасы бұрын-соңды болмаған дағдарысты бастан кешуде.
Осы жылдың жаз айында Еуропа Лигасының іріктеуі аясында “Ақтөбемен” кездесіп, қос матч қорытындысы бойынша 2:0 есебімен жеңіске жеткен “Легия” биылғы маусымды сәтсіз нотада аяқтағалы жатыр.
Команда Эдвард Йорданэску тізгінінде Конференция Лигасының топтық кезеңіне шыққанымен, турнирдің жалпы кезеңінен ұшқалы жатыр. Варшава ұжымы еурокубокте өткізген 6 ойынында тек 6 ұпай жинаған. Сол арқылы “Легия” жорығын әрмен қарай жалғастыратын 24 команданың ішіне кіре алмады.
Чемпионаттағы жағдай тіптен нашар. Польша біріншілігінде 15 мәрте жеңіп рекорд орнатқан команда бүгінде 18-тур қорытындысы бойынша турнир кестесінде 17 орында келеді.
Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын Легияға бапкер ретінде кезінде еурокубокте “Ракувпен” “Астананы” 5:0 есебімен ойсырата жеңген Марек Папшун таныстырылды.