АЛ, БАС БАПКЕР БЕРАНЕК ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТІ ОРЫНДАЙ АЛА МА?

30.05.2011, 16:55
АЛ, БАС БАПКЕР БЕРАНЕК ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТІ ОРЫНДАЙ АЛА МА?
Үлкен футбол бәсекесі басталар күн жақын. Маусым айының 3 күні Астанада Қазақстан мен Әзірбайжан құрамалары күш сынасады. Бұл біздің команданың 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасы аясында өткізетін алтыншы ойыны. Аталған ойынды тек көрермендер ғана күтіп отырған жоқ. Құрама сапындағы жігіттерді жатпай-тұрмай дайындап жатқан бас бапкер Мирослав Беранек те осы ойынға ерекше көңіл бөлуде. Мұның себебі белгілі, чех маманына жүктелген міндеттің маңыздысы – өз тобымызда бесінші орын алу. Біздің құраманың тізгінін «Еуро 2012» електік турнирінің бел ортасына таман алса да, Беранек команда құрамына бірқатар өзгерістер енгізіп, ең бастысы бір кездері Шторктің қырына ілінген Самат Смақовты қатарға қайта қосты. Бас бапкердің құрама ойынына қаншалықты жан кіргізгені де осы матчта анықталады. «А» тобындағы турнир кестесіне тағы бір көз жүгіртер болсақ, дәл қазір соқыр ұпайы да жоқ біздің команда соңғы орында келеді. Ал Әзірбайжан еншілеген үш ұпайымен бесінші орында табан тіреп тұр. Одан жоғарыда – Австрия (7 ұпай). Одан әрі – Түркия (9 ұпай). Демек, қуып жетсек, енді тек әзірбайжандардың ғана алдын орай аламыз екен. Иә, қағаз жүзінде азуы алты қарыс Германиядан басқа қарсыластың барлығын басып озуға болады. Ол үшін біздің команда соңғы бес ойында ірі есеппен жеңіске жетіп, қалған құрамалардың барлығы алма-кезек ұтылуы керек болады екен. Бірақ, іс жүзінде бұлай болуы еш мүмкін емес. Содан болар, отандық футболдың жүгін көтерген еліміздің футбол федерациясы шындықтың көзіне тура қарап, мүмкін болар міндеттің ең жеңілін жүктеп отырған сияқты. «А» тобында бесінші орын алу үшін өз жерімізде Әзірбайжанды міндетті түрде ұтуға тиіспіз. Ал егер, қара басып ұтылып жатсақ, Каспийдің арғы бетінен келген көршілеріміз бізден 6 ұпай ұзап, шаңға көмілдіріп кетеді. Сондықтан, 3 маусым күні қайтсек те жеңіске жетуіміз керек. Жасырары жоқ, Азия футболынан Еуропаға ойысқалы бері бізбен деңгейлес жасыл алаңдағы басты бәсекелесіміз осы – Әзірбайжан болған сияқты. Алып ұрамыз-ау деген, Беларуссия мен Армения баяғыда-ақ қара үздіріп кетті. ФИФА-ның бүкіләлемдік рейтінгінде де қос құрама құйрық тістесіп келеді. Олардың бізден бір артықшылығы бар десек, футболшыларының бірқатар деңгейі жоғары чемпионаттарда өнер көрсетеді. Ресей чемпионатында ойнайтын әзірбайжан футболшылары бар да, Ресей клубтарының сапында өнер көрсететін қазақ жоқ. Тіпті, ағылшынның «Эвертон» атты клубында Әзірбайжан футболының болашақ жұлдызы Араз Абдуллаев өнер көрсетеді. Есесіне, 2008 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасында біз әзірбайжандармен бір топта ойнап, олардан асып түскен едік. Өз тобымызда 6-шы орын алып, армяндар мен әзірбайжандардан жоғары орналасқанбыз. Ал, осы жолғы електік дода аясында бас бапкер Мирослав Беранек ұлттық құрамамыздың сапын жариялап үлгерді. Чех маманы өзі сенім артқысы келген футболшылардың бәріне алдын ала шақырту жіберіп қойыпты. Сонымен, Қазақстан – Әзірбайжан ойынына ірік­телген ойыншалардың тізімі төмендегідей: қақпашылар – Андрей Сидельников («Ақтөбе»), Александр Мокин («Шахтер», Қарағанды), Владимир Логиновский («Жетісу», Талдықорған);қорғаушылар – Сергей Каримов («Вольфсбург», Германия), Самат Смақов, Юрий Логвиненко (екеуі де – «Ақтөбе»), Қайрат Нұрдәулетов, Марк Гурман, Михаил Рожков (бәрі де – «Локомотив», Астана), Мұхтар Мұхтаров («Ордабасы», Шымкент);жартылай қорғаушылар – Генрих Шмидтгаль («Оберхаузен», Германия), Қазбек Гетериев («Жемчужина» Сочи, Ресей), Марат Хайрулин («Ақтөбе»), Ұлан Қонысбаев, Марат Шахметов (екеуі де – «Локомотив»), Жамбыл Көкеев, Мақсат Байжанов (екеуі де – «Шахтер»), Серікжан Мұжықов («Жетісу»), Виталий Евстигнеев («Ордабасы»); шабуылшылар – Дәуренбек Тәжімбетов («Ордабасы»), Сергей Остапенко («Жетісу»), Сергей Лисенков («Ақтөбе»), Сергей Гридин («Тобыл»). Байқар болсақ, құрама сапында Нұрбол Жұмасқалиев («Локомотив») жоқ. Естуімізше, Нұрболдың ел біріншілігінде өткізген соңғы ойындары бас бапкердің көңілінен шықпапты. Ал құраманың өзге ардагерлері Давид Лория («Ертіс») және жартылай қорғаушы Андрей Карпович («Локомотив») жарақаттарына байланысты аталған ойынға қатыспайды.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×