Аладоп сараптамасы: “Қайратпен” ойын алдындағы “Реал Мадридтің” әлсіз тұстары

30.09.2025, 14:30

Алматыдағы тарихи кездесу – "Қайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы Чемпиондар лигасы матчы қарсаңында, Aladop.kz сайты Корольдік клубтың қазіргі жағдайына шолу жасап, сіздерге арнайы талдау ұсынады.

Аладоп сараптамасы: “Қайратпен” ойын алдындағы “Реал Мадридтің” әлсіз тұстары

Соңғы матчта "Реал" өз жанкүйерлерін қатты күйзелтті. "Атлетикомен” болған Мадридтік дербиде алаң иелері 5:2 есебімен жеңіп, Хаби Алонсоның командасын барынша әшкереледі. Маусым басында Килиан Мбаппенің ғаламат формасы көптеген кемшілікті жасырып келген еді, бірақ дербиде қорғаныстағы олқылықтар, орталықтағы енжарлық пен стандарттардағы әлсіздік айқын көрінді.

Негізгі мәселелер:

  • Шабуылдағы үштіктің үйлесімі.
    Алонсо алғаш рет Мбаппе, Винисиус пен Беллингемді бірге шығарды. Қағаз жүзінде бұл – нағыз "алтын үштік". Бірақ іс жүзінде олардың қорғаныстағы жұмысы жоқтың қасы болды. "Атлетико” қарсы шабуылға шыққан сайын "Реал” сегіз ойыншымен қалды.
  • Ортадағы әлсіздік.
    Валверде мен Чуамени бар болғанымен, Беллингемнің қорғанысқа шала қатысуы "Реалды” әлсіз етіп көрсетті. Англиялық жұлдыздың эмоцияға беріліп, артқа қайтпауы "Атлетикоға” кеңістік сыйлады.
  • Стандарттардағы олқылықтар. Бұрыштамалар мен айып соққыларынан кейін "Реал” қақпасы қауіпті соққыларға толы болды. Қорғаныста бойшаң ойыншылар болса да, өзара түсініспеушілік көзге ұрды.
  • Кадрлық жағдай.
    Трент Александр-Арнольд жарақат алып, қарашаға дейін оралмауы мүмкін. Карвахаль да дерби барысында бұлшық етін созып, алаңнан кетті. Бұл қорғаныстағы тұрақтылықты одан сайын әлсіретті.

Мбаппе әлі де "Реалды” алға сүйреп тұр. Оның жеке шеберлігі бірқатар ойындарды алып шықты. Бірақ "Атлетикоға” қарсы ол жалғыз өзі дым жасай алмады. Онымен бірге Винисиус пен Беллингемді қатар ұстау Алонсо үшін үлкен тактикалық сұраққа айналғандай.

"Қайратпен” ойын алдындағы көңіл-күй:

Көпшілік бұл матчты жарыс тарихындағы ең теңсіз жұптардың бірі деп атайды. Шынында да, қағаз жүзінде "Реалдың" жеңетініне ешкім күмәнданбайды.

Алайда жағдай мүлде оңай емес:

  • команда 4000 шақырымдық ұзақ сапар шекті
  • Атлетикодан ойсырай ұтылғаннан кейін моральдық тұрғыда әлсіреген

Мадрид баспасөзі атап өткендей, Алматыдағы матч әдеттегі "екінші құрамға мүмкіндік беретін” ойын болудың орнына, Алонсо үшін өзін қайта дәлелдейтін сынаққа айналды. Егер команда сенімсіз ойнаса, сын одан әрі үдей түседі.

"Реал” Ла Лигада көп қарсыласынан басым болғанымен, "Атлетико” ашып берген олқылықтарды кез келген ұйымдасқан қарсылас пайдаланып кетуі мүмкін. Бұл – "Барселонамен” Эль Классикода да, Чемпиондар лигасының шешуші кезеңдерінде де қайталануы ықтимал қауіп.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×