Алатаудың баурайы мен Арараттың аңғарында – екі сын

03.06.2012, 03:35
Алатаудың баурайы мен Арараттың аңғарында – екі сын

Кеше Алматыдағы Interhotel Astana қонақүйінің «Құрылтай» залында баспасөз жиыны өтті. Әуелі SAT&Company акционерлік қоғамының Қазақстан футбол федерациясына ресми демеуші болғандығы мәлімденіп, одан соң ұлттық құраманың алдағы екі жолдастық кездесуге дайындығы жайлы айтылды.

SAT&Company Қазақстан футбол фе­де­рациясының ресми демеушісі бол­ған­ды­ғы мәлімденіп, тұсаукесер рәсімі өт­кі­зіл­ді. Негізі, SAT&Company 2012 жылғы Еу­ропа чемпионатының електік додасы ая­сын­дағы Қазақстан және Әзірбайжан ұлт­тық құрамалары арасындағы ойында отан­дық футбол федерациясының серіктесі бол­ған. Өздеріңіз білесіздер, сол кездесуде Қа­зақстан ұлттық құрамасы жеңіске жетті. Сол кездегі ынтымақтастықтың өзара тиім­ді екеніне көз жеткізген тараптар енді ұзақ мер­зімді келісімшартқа қол қойып отыр. Михаил ГУРМАН, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті: – Өзара ынтымақтастық жөніндегі ке­­лі­сімшарт келесі жылдың наурыз айы­­на дейін қарастырылған. SAT&­Com­pany – 14 жыл бойы өз сала­сын­да ерен жетістіктерге қол жеткізіп, Қа­зақ­станнан да тыс жерлерге танылған бе­делді компания. Біздің осы ком­па­ния­мен арадағы қарым-қатынасымыз был­тыр Әзірбайжан құрамасымен бол­ған ойыннан бастау алды. Сол матчта же­ңіске жетіп, екі жақ та риза болдық. Ал бүгін өзара ынтымақтастығымыздың ұзақ мерзімді екендігін мәлімдеуге қуа­ныштымыз. Аблимит РАХМАТУЛЛАЕВ, SAT&Company АҚ басқарма төрағасының орынбасары: – Біз серіктестеріміздің (яғни Қа­зақ­стан футбол федерациясының) жұ­мыс­тарын біраз бағамдап, бағалап, екеу­ара ынтымақтастығымыз әлеуметтік тұрғыдағы қызметімізді жаңа белес­тер­ге жеткізеді деп шештік. Федерацияның өз қызметін мейлінше жетілдіре түсуге ты­рысып, ел футболын дамытуға күш са­лып, жаңа заман талаптарына сай өр­кендеуге ден қоюлары көңілімізден шық­ты. Алда әлем чемпионатының елек­тік додасы. Біз футболшыларға же­ңім­паздар рухын сіңіріп жүрген фе­де­ра­циямен тізе қосып отырғанымызды бі­леміз. Бұдан былай жеңіске бірге же­теміз – SAT&Company акционерлік қо­ға­мы және Қазақстан футбол фе­де­ра­циясы. Бұдан соң жаңа демеушіге Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары қол қойған теңбіл доп табыс етілді. Ең соңғы болып әлгі допқа осы баспасөз жиынына қатысқан Қайрат Нұрдәулетов, Дәуренбек Тәжімбетов және бас бапкер Мирослав Беранек қол қойып, SAT&Company өкіліне чех маманы өз қолымен табыс етті. Бұдан кейін ұлттық құраманың алдағы екі жолдастық кездесуіне кезек берілді. Бас бапкер Мирослав Беранек алдағы екі матч жөнінде қысқа да нұсқа сөйледі: – Екі ойын өткізуіміз керек. Әуелі қыр­ғыз­­дармен, содан соң армяндармен ой­най­мыз. Осылай үш күннен кейін екінші ойын өткізіп, әлем чемпионатының електік до­дасына бейімделе бастамақпыз. Қыр­ғыз­дар­мен өзімізде ойнаймыз. Сондықтан жас­тарға мүмкіндік беріп, біраз ойын­шы­лар­ды сынақтан өткізбекпіз. Ал Арменияға қар­сы ең үздік футболшыларымызды шы­ға­руға тырысамыз. Бірақ ойыншылардың бә­рі сақадай-сай деп айта алмаймын. Кө­кеев, Гридин, Остапенко үшеуінің ыстық­та­ры көтеріліп, жағдайлары болмай жүр. Сон­дықтан оларды сауыққанша ма­за­ла­май, тынықтырып жатырмыз. Хайруллин де сырқаттанып жүр. Алайда бізде оларды да алмастыратын ойыншылар бар. Бұдан кейін журналистер бас бапкерге сұрақтарын кезектесіп қоя бастады. – Сіз Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болғалы біраз ойыншы­лар­дың то­мағасын сыпырып, дүбірлі до­даға қосып жүрсіз. Қазақ футбо­лы­нан тәп-тәуір қорғаушы да, бесаспап ша­буылшы да, тіпті әлеуеті зор жар­тылай қорғаушы да таптыңыз. Бірақ әлі топсасы берік қақпашы таппай жүр­гендейсіз? – (жымиып) Дұрыс айтасыз. Дәл қазір қақ­пашы мәселесінің күрмеуін шешу оңай бол­май жүр. Енді бізде мынандай ұстаным бар: құрамада екі жас қақпашы мен бір тә­жі­рибелі қақпашы болады. Бекбаев пен Ци­рин Қырғызстанмен болатын ойында өз қа­білеттерін көрсетеді де, Сидельниковті Ар­мениямен болатын ойынға дайындап жа­тырмыз. Ол соңғы екі матчта көңілімнен шық­ты, тфу-тфу (үстелді тоқпақтап). Енді осы бетінен таймаса деп тілейміз. – Бұған дейін екі тізгінді қатар ұстап па едіңіз? Қазір ұлттық құраманы да, «Астана» клубын да жаттықтырасыз. Қиын емес пе? – Мұндай тәжірибем бар. Екі тізгінді қа­тар ұстау қиын емес. Әрі «Астана» клу­бын­да ұлттық құрама сапында ойнайтын жігіттер көп. Бәрі көз алдымда. Ең бір қолайсызы, отбасыма көп көңіл бөле алмайтын болдым. Отбасымда мүлде аз боламын. Бұрын ұлттық құраманың әрбір ойынынан кейін үйге барып келуге мүмкіндік болушы еді. Қазір олай емес. Бірден клубқа оралуым керек. Бұдан кейін де бас бапкерге біраз сұ­рақтар қойылды. Мысалы, ҚФФ қызметкері Армения журналистерінің сәлемдемесін айтып, біздің бас бапкердің осы елдің құрамасы жайлы ойын білгілері келетіндігін тілге тиек етті. Мирослав Беранек Армения құрамасының Еуропадағы мейлінше тез жетіліп, қарқынды түрде қарыштап келе жат­қан команданың бірегейі деп санай­тын­дығын білдірді. Словакияны түзде 4:0 есе­бімен күйрете жеңгендігін мысал ре­тінде атап өтті. Армения құрамасының қар­сы шабуылдары өте қауіпті екендігін шә­кірттерінің құлақтарына құйып жүр екен. Мхитарян, Березовский, Овсепян, Оз­билиз, Манучарян, Мовсисян сынды ойын­шыларын бөле-жара атап өтті. Белді ойын­шыларының көбісінің өзге елдердің чемпионаттарында шеберліктерін шыңдап жүргендігін баса айтты. Бұдан кейін Қайрат Нұрдәулетов Қыр­ғыз­стан футболшыларының Алматыға же­ңіс­ті қолдан беру үшін келмейтіндігін, ал Ар­мения құрамасының қарымды ұжым екен­дігін шегелеп айтты. Ұлттық құрама бас бапкерінің «Астана» клубының да тіз­гі­нін ұстағандығы жайлы «бұдан тек біздің ұлт­тық құрама ұтады, ойыншылардың бәрі үне­мі бас бапкердің назарында болады» деп өз ойын ашық білдірді. Дәуренбек Тәжімбетов өзіне сенім ар­тылып алаңға шықса, аянбайтындығын біл­дірді. Құрама сапына жаңадан шақыртылған Константин Энгель туралы сұраушылар көп болды. Қайрат Нұрдәулетов «жақсы жігіт екен, ашық, бәрімізбен араласып жүр, ойыны мен өнерін, қабілеті мен мүмкіндігін алдағы ойындарда көрсетеді ғой» деді. Мирослав Беранек оны қолдап, «Ол бірден жарқырап қалай көзге түссін? Келгені кеше ғана. Құрама сапына кірігіп, өзін-өзі емін-еркін сезінуі керек. Мен Энгель сенімді ақтап, белді ойыншыларымыздың бірі бола алады деп ойлаймын. Сондай сезімдемін», – деді әр сөзін нықтап. Автор: Нұрғазы САСАЕВ алаш айнасы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×