Александр Марочкинді қосалқы құрамға отырғызған хорватиялық легионер

19.09.2024, 10:20

Елордалық клубтың қазір екінші тынысы ашылғандай.

Александр Марочкинді қосалқы құрамға отырғызған хорватиялық легионер
Бранимир Колайца "Астана" сапында

Григорий Бабаянның командасы Конференциялар Лигасындағы әйгілі камбэктен кейін жеңілістің не екенін ұмытып қалған секілді. Өткен демалыста сырт алаңда «қасқырлардың» (Қайсармен өткен матч) азуын қағып алған астаналықтар жүлдеге ақырын болса да жақындап келеді. Соңғы жетістіктерге байланысты «Астананың» техникалық директоры Самат Смақов пікір айтыпты. Кезінде өзі де біраз шаңдатқан ардагер астаналықтардың сапындағы хорватиялық легионер Бранимир Колайцаның шеберлігіне жоғары бағасын берген.

 Самат СМАҚОВ, «Астана» ФК техникалық директоры:

«Ол қазір енді бабына келіп жатыр, алдағы уақытта ҚПЛ-дің үздігі атанады. Оның алысқа лақтыратын пастарын Қазақстандағы қорғаушылардың орындауында біраз уақыттан бері көргем жоқ».

Енді ел аузында жүрген футболшының өзіне толығырақ тоқталсақ. Бранимир жасөспірім деңгейінде Хорватиядағы ең таланттылардың бірі саналды. 18 жасында қорғаушыны аттай қалап әйгілі «Бенфика» алған еді. Себебі, футболшының Загребтің «Динамосындағы» өнері сол кездің өзінде еуропалық скауттардың назарын аудара бастаған болатын. Алайда, Колайца қанша талантты, талапты болғанымен португалиялық грандтағы шаруасы мәз бола қойған жоқ. Хорватиялық жас қорғаушыға бар әлеуетін паш етуіне ең алдымен жарақаттары кедергісін келтірген. Дегенмен, «Бенфика» күдер үзбеді. Мұның дәлелі – Бранимир Колайца португалиялық ұжымның жүйесінде бақандай 6 жыл жүрді. Алты жылдан кейін футболшы отанына оралып, мансабын «Локомотивте» жалғастырды. Сөйтіп ондағы бір маусымнан кейін Колайцаның Қазақстанға жолы түсіп, «Астананың» жейдесін киді.

«Астананың» селекциялық жұмысы еліміздегі ең үздік саналады. Мұны елордалық мамандар осы маусымда тағы бір мәрте делелдеді деп есептейміз. Сол көптің аузында жүрген «Бранмен» болған бәсекеде дубль жасаған Чинеду, Қызылордада маңызды гол салып кеткен Камарадан бөлек, жанкүйерлер назарын осы хорватиялық қорғаушы да аударуда. Норвегиялық клубпен болған қарымта кездесудің қаһарманы Чинеду, Грипши емес, осы Бранимир болды дейтіндер де табылады. Себебі, хорватиялық қорғаушы артқы шепте тамаша ойнап, әріптестеріне сенімділік бере түскен.

Қазақ футболының тарихында ең табысты трансфер жасаған елордалық клуб осы хорватиялықты да тиімді сатып жіберуі мүмкін. «Астана» Конференциялар Лигасында алты ойын өткізеді. Осы матчтар Бранимир Колайца секілді футболшыларға өзінің шеберлігін көрсетіп, тағы бір мүмкіндік алатын жақсы кезең.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×