Капитан Александр Мартынович УЕФА-ға берген сұхбатында Алматыдағы футболдық көңіл-күй мен алда күтіп тұрған "Реал Мадридке" қарсы ойын жайлы пікір білдірді.
Оның айтуынша, "Селтикпен" болған плей-оффтағы жеңістен кейін қаладағы жағдай түбегейлі өзгерген.
"Бұған дейін көшеде еркін жүре беретінбіз. Ал қазір әрбір дәмханада, әрбір көшеде жанкүйерлер танып, алғыстарын білдіріп, суретке түсуге сұрайды. Бұл Алматыда нағыз футболдық бум туғызды. Бізге әлемдік деңгейдегі клубтар келіп жатыр, біз де шетелде ірі қарсыластарға қарсы ойнап жүрміз. Бұл – Қазақстан футболы үшін үлкен қадам.” – деді ол.
Капитанның өзі де "Реал Мадридпен” кездесуді асыға күтіп отыр:
"Шынымды айтсам, жеребе бізді Мадридтік клубпен жұптастырғаны үлкен таңданыс болды. Басты мақсатымыз – ел чемпионатын ұтып, Еуропалық жарыстарға шығу еді. Бірақ барлық кезеңнен өтіп, топтық кезеңге жолдама алу біз үшін арманның орындалуы. Ең бастысы – алаңға шығып, ойыннан да, стадиондағы атмосферадан да барынша ләззат алу." – деді Мартынович.
Ол Чемпиондар лигасын футболшылардың барлығы армандайтын жарыс деп санайды:
"Бұл – Еуропадағы ғана емес, әлемдегі басты клубтық турнир. Әрбір футболшы үлкен стадиондарда, мықты командаларға қарсы ойнауды армандайды. Сол арманға жету үшін бәріміз көп еңбектендік. Жеке өзім үшін бұл үлкен жетістік.” – деп қорытындылады капитан.