Александр Москаленко: «Жауапты ойын алдында қобалжитынымыз рас»

29.07.2021, 03:14
Ертеңгі ойынға «Тобылдың» барлық ойыншылары дайын.
Александр Москаленко: «Жауапты ойын алдында қобалжитынымыз рас»

«Тобыл» ФК бас бапкерінің міндетін атқарушы маман «Хайдукке» қарсы өтетін қарымта матч алдында журналистердің сауалдарына жауап берді.

- «Тобыл» бірінші ойында ұтылып қалды. Жігіттерге не жетіспеді? Ұшақтан кейінгі шаршау әсер етті ме?

- Қайырлы күн! Жеңілісімізді ұшып келуден кейінгі шаршаумен байланыстыруға болмайды. Бізге өте жақсы жағдай жасалды. Облыс әкімі мен клуб басшылығының арқасында команда өте сапалы, заманға сай ұшақпен жетті. Меніңше, бұл қобалжудың салдарынан болды. Бірнеше футболшымыз мұндай еуропалық ойын стилін бірінші рет көріп отыр.

- БАҚ-та Зоран Тошичтің жарақат алып қалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы не дейсіз? 

- Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Иә, ол аздап ауырып қалған еді. Алайда, медициналық штаб ойыншының ертеңгі матчқа қатысуы үшін бәрін жасап жатыр.

- Бірінші матчта сіз легионерлерді қосалқы құрамда алып қалып, жергілікті ойыншыларға сенім арттыңыз. Бұл немен байланысты? 

- Біріншіден, біз шетелдік және жергілікті ойыншылар деп бөлмейміз. Кез-келген футболшы алаңға шығуы мүмкін. Егер әлдекімді алаңға шығармасам, оның өзіндік себебі бар. Ол ойыншылар бірнеше күн бойы жалпы топта жаттығу жасамады. Олардың бірінші кездесуде жарақат алып қалмаулары үшін тәуекелге барған жоқпыз. Бұл күнделікті жұмыс барысындағы іс-әрекеттер. Қазір біздің құрамда 25 футболшы бар, олардың әрқайсысы алаңға шығып, барын салатындарына сенімім мол.

- Ойын алдында қобалжу бар ма? Өткен матчқа қарағанда тактиканы толық өзгерттіңіз бе? 

- Әрине, мұндай жауапты ойын алдында қобалжитынымыз рас. Оны жасырмаймын да. Қазақстан атынан шығып отырған соң, күллі елдің, облыстың, жанкүйерлердің алдында жауапкершілігімізді сезінеміз. Егер коронавирус болмағанда стадионымыздың лық толатынына сенімдімін. Өткен ойын көңілімізден шықпады. Ертеңгі ойында қолымыздан келетінді жасап, жақсы нәтижеге жеткіміз келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×