Әлішер Сүлей: «Ұлттық құрама намысын қорғау үшін аянбай тер төгіп жүрмін»

08.10.2020, 20:57
«Тараз» ФК ойыншысы Әлішер Сүлейдің Aladop.kz сайтына берген сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз.
Әлішер Сүлей: «Ұлттық құрама намысын қорғау үшін аянбай тер төгіп жүрмін»

- Әлішер, "Ордабасыға" қарсы 1:1 есебі көңілдеріңізден шықты ма?

- Иә, көңілімізден шықты. Бапкерлердің қойған талабын орындай алдық. Бірақ қолда тұрған жеңістен айрылып қалдық. Үш ұпайды иеленгенімізде нұр үстіне нұр болар еді.

- Ойын есебін ашқан соң 0:1 есебін сақтап қалуға тырыстыңыздар ма?

- Жоқ, мүлдем олай емес. Бір голдан соң қорғанысқа барынша көңіл бөлу деген тапсырма да болмады. Ойын есебін ашқан соң да біз шабуыл жасауды тоқтатпадық. Өкінішке орай төреші біздің екінші голды есепке алмады.

- Бапкерлік штаб маусым басында команданың басты мақсаты - алғашқы алтылық деген еді. Ал қазір "Тараз" қауіпті аймаққа бір табан жақын тұр десек те болады. Клуб чемпионат соңына дейін өз алдына қойған мақсатына жете ала ма?

- Иә клуб басшылығы маусым алдында сондай мақсат қойғаны рас. Дегенмен біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда әлі де бізді біраз матчтар күтіп тұр. Барынша дайындалып, күш-жігеремізді салатын боламыз.


- Жанкүйерлер сіздің голсыз серияңыздың жалғасып жатқанын сөз етуде. Бұл туралы не дейсіз?

- Гол соқпай жүргенім рас. Алайда қазір мен қорғаныста өнер көрсетіп жүрмін. Позициямды ауыстыру команда үшін тиімдірек болып тұр. Алда болатын ойындарда нәтижелі пас беріп, гол соғуға тырысатын боламын.

- Бапкердің бұл шешімі туралы не дейсіз? Недегенмен сіздің орныңыз шабуыл шебінде емес пе?

- Әр футболшы бапкердің айтқанын бұлжытпай орындауы керек. Жаттықтырушылар не істеу керектігін жақсы біледі. Бірақ футболға қадам басқалы шабуылда өнер көрсетіп жүргендіктен, өз позицияма оралғым келіп жүргенін жасырмаймын. Жаңа міндеттелген позициямда қорғанысқа да шабуылға да ат салысуым керек болғасын көп күш жұмсауға тура келеді.

- "Тараз" өткен маусымдағы қателіктерін қайталауға жақын. Жеңісті күндердің сиреп бара жатқанына не себеп?

- Соңғы өткен турларда бізге кездескен қарсыластардың ішінде осалы болған жоқ. Барлығы жақсы деңгейдегі ұжымдар болды. Бірнеше ойын бойы біз қарсыластарымызбен ұпай бөлісіп, тең түсіп қалып жаттық. Жеңіске жету үшін сәл сәттілік жетіспей жатыр. Сондықтан өткен қателіктерді қайталамас үшін жұмыс жасап жатырмыз.


- Алдағы уақытта клуб ауыстыру жоспарда бар ма?

- Әзірге жоспарда жоқ. Қазір "Тараздың" жейдесінде өнер көрсетіп жүргендіктен клубпен бірге алға қойған мақсаттарымызға жетуге талпынудамын.

- "Тараз" - тек тарихқа ғана емес, сонымен қатар небір талантты ойыншылардың мекені. Күні бүгінге дейін біршама ойыншыларды жұмыр доп әлеміне әкелді. Жамбылда тағы біз білмейтін, тағы қандай жалынды жастар бар?

- Біздің клуб әрдайым жастармен жақсы жұмыс жасайды. Нәтижесін көріп жүрсіздер. Жастар құрамында талантты ойыншылар өте көп.

- Сен тұр, мен атайын дейтін жастарды атап өтсеңіз. Бәлкім бұл сұқбаттан кейін жас ойыншылар өздеріне аз да болсын мотивация алар.

- Біздің құрамда да талантты жастар бар. Мәселен, Димаш (Дінмұхамед) Қараман, Абылай Жұмабек. Ал жас буындардан атап өтсем Күмісбек Жасұлан, Мирас Есдәулетов, Мадибек Мади. Осы секілді тағы да басқа біздің жастарымыздың топ жарып шығатынына сенімдімін.


- Ұлттық құрамаға алынатын ойыншылар тізіміне арасында кіріп тұрасыз. Кеңейтілген тізімге. Сондықтан да, алдағы уақытта құрамаға алынсам деген жоспарыңыз бар ма?

- Кеңейтілген тізімге соңғы рет 2017 жылы шақырту алдым. Әзірге одан кейін ешқандай шақырту түспеді. Ұлттық құрамаға шақырту алып, өнер көрсету еліміздің әр ойыншысы үшін маңызды деп ойлаймын. Қазір ұлттық құрамаға шақырту алу үшін тер төгудемін. Алдағы уақытта ел намысын қорғаймын деп сенемін.

- Карантиндік режимге байланысты барлық матчты сырт алаңда өткізуге тиіссіздер. Бұрынғыдай Таразда, жергілікті жанкүйерлерлердің ыстық қолдауымен ойын өткізуді сағынған боларсыздар?

- Иә әрине, өз қаламызда, өз алаңымызда, жерігілікті жанкүйерлерімізбен бірге ойын өткізу ол мүлде бөлек әсер. Қазіргі болып жатқан жағдайға қарамастан біздің фанаттар ойынды теледидардан тамашалап, қолдау көрсетіп жүр деген ойдамын.

-Әңгімеңізге рақмет!


Сұқбаттасқан: Шерхан Абзалұлы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×