Алмас Құлшынбаев: бұл күні жеңіске «Атырау» лайық еді...

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
01.10.2024, 17:36

Қазан Қазақстан футболы үшін маңызды кезең.

Алмас Құлшынбаев: бұл күні жеңіске «Атырау» лайық еді...
Алмас Құлшынбаевтың "Жетісудың" бас бапкері кезінде

Қазақ жанкүйерлері қоңыр күзде премьер-лиганың жеңімпазын анықтап, құрама команданың Ұлттар Лигасындағы кездесуін тамашаламақ. Сондай-ақ, «Астананың» Конференциялар Лигасының топтық кезеңіндегі жорығы да басталады. Біз осы жайында еліміздегі белгілі бапкер Алмас Құлшынбаевпен әңгімелескен болатынбыз.  

Бұл сұқбаттан сіздер:

Қазақстан Кубогінің финалындағы «олқылық» туралы

Биылғы ҚПЛ-дегі басты фаворит жайлы

Ұлттар Лигасындағы құраманың басты мақсаты туралы

«Астананың» Конференциялар Лигасындағы мүмкіндіктері жайлы оқи аласыздар       

-  Алмас Жақанұлы, Қазақстан кубогіндегі матчты көре алдыңыз ба? Бүгінгі әңгімемізді содан бастасақ. Біраз дау-дамай болды, әлемжеліде әлі де басылмай тұр. Сіздіңше, пенальти болды ма? Жалпы осы матчтағы төрешінің жұмысын қалай бағалайсыз?

- Иә, бұл ойынды тамашаладым, сол күні мен де жанкүйерлердің арасында болдым. Қалай айтсам екен енді, тартысқа толы кездесу. «Атырау» өте сауатты ойнады. Қорғаныстағы өнерін айтып отырмын. Әрине, «Ақтөбеге» қарсы басқаша ойнау, шабуылдау қиын мәселе. Бірақ, бұл күні ақтөбеліктер де жарытып өнер көрсете қойған жоқ. Ерекше бір шабуыл көре алмадым. Алдыңғы шепте өткір іс-әрекеттер де байқалмады. Матчтың бірінші жартысы тіпті сүреңсіз өнер көрсетті деуге болады. Футболшылар өзара допты бір-біріне лақтырып қойып, «жаяу» жүрді. Қысқасы, ешқандай шабуылсыз, допты қорғаныста ұстап жүріп алды. Ал «Атырау» өзінің бірінші мүмкіндігін-ақ жүзеге асырып кетті. Жеке менің ойым - «Атырау» 1:0-мен жеңіске жетуі керек еді. Бұл жеке менің пікірім. ВАР-ды әрине, қарағам жоқ, бірақ анау бір эпизодта пенальти болмаған еді. Сондықтан, маған «Атырау» қарсыласына қарағанда жеңіске лайығырақ. Бірақ «болған іс болды, бояуы сіңді» енде ештеңені өзгерте алмайсың. «Ақтөбені» Қазақстан кубогімен құттықтаймын. Десе де, меніңше, бұл күні жеңіске «Атырау» лайық еді...

- ҚПЛ-де санаулы матч қалды. Биыл кім чемпион болады деп ойлайсыз?

- Енді Қазақстан чемпионатына байланысты айтар болсақ, биылғы жағдай өзгешелеу. Бұлай болғаны дұрыс та шығар. Себебі, кей-кездері бір команда кәдімгідей қара үзіп кетеді де, чемпионның кім болатыны бірнеше тур бұрын белгілі болып қоятын. Ал қазір мүлде олай емес. Алғашқы топта келе жатқан клубтардың кез-келгені бас жүлдені алып кетуі мүмкін. «Ақтөбе», «Қайрат», «Ордабасы», «Астана», «Елімай» - міне осы бес клубтың таласын тамашалаймыз. Тіпті, белгілі бір жағдайда «Тобылдың» өзі де таласқа араласып кете алады. Десе де, турнирлік кестедегі жағдайға қарасақ әрі жоғалтқан ұпай санына қарай «Ордабасының» өзгелерден кішігірім басымдығы бар. Шымкенттіктер кейінге шегерілген кездесулерінің барлығында ұпайдан шашау шығармай, жеңіске жететін болса, чемпион атануы ықтимал. Алайда, Кирилл Кекердің командасының ойынына қарап, нақты осылар чемпион болады деп кесіп айту қиын. «Ақтөбе» де сол. Семейлік клуб ше? «Елімайдың» алтынға таласта тәжірибесі, ішкі ресурстары жете ме екен, ол жағын білмедім. Неге десеңіз, бұл жаңа команда. Бірақ кім біледі, бұл футбол сондықтан барлығы мүмкін. Қысқасы, чемпионатты кім ұтады деген сауалға қазір ешкім дәл жауап бере алмас. Қайталап айтам, әзірге бізде бары осы бес команда. Негізгі талас та осы ұжымдардың арасында өтеді. Ал оның арты қалай боларын алдағы уақытта көреміз. Не болса да күтейік. Бірақ, бұл жақсы тенденция. Одан ұтатын әрине, ең алдымен жанкүйер. Бәсекелестік болған жерде біріншіліктің бәсі жоғарылай түседі. Әділ бәсекелестіктің болғаны барлығымыз үшін де жақсы.    

- Станислав Черчесовтің Ұлттар лигасындағы екі матчына қандай баға бересіз? Қазақстан үшін В Лигасындағы орнын сақтап қалу қиын болатын секілді...

- Бірден айтайын, өте қиын топқа түстік. Бұл ең алдымен жаздағы Еурода тәп-тәуір ойынымен көзге түскен командалар. Алда біздің құраманы Аустрияда болатын өте қиын матч күтіп тұр. Меніңше, бұл кездесуден ұпай алып қайту қиындау болады. Бапкерлік құрамға В тобынан жоғарылау мақсаты қойылған жоқ деп ойлаймын. «Көрпемізге қарай көсілгеніміз» дұрыс шығар. Обьективті бағалау керек. Ал жалпы бұл дивизионда қалудың қарекетін жасауға болады деп есептеймін. Ол үшін ең алдымен Словенины өз алаңымызда ұту қажет. Міне, алдымен осы міндетті орындап алып, одан арысын тағы байқап көруге болады. Жалпы өте күрделі топқа түсіп отырмыз. Мұндай топтан үздік шығу мүлде талқыланып отырмағаны анық. В тобында қалып қоюдың өзі үлкен жетістік болар еді. Қалай дегенде де, жігіттердің жолына үмітпен қарап, жанкүйерлік етеміз. Мұндағы негізгі күрес - топтағы орынды сақтап қалу үшін болғалы тұр.

- Алмас Жақанұлы, Осы бейсенбіде «Астана» Конференциялар Лигасындағы жорығын бастайды. Григорий Бабаянның командасы «Челсиге» қарсылас атанып отыр, басқа да белгілі командалар бар. Елордалықтар плей-оффқа шыға ала ма?

- Мұнда да ұқсас жағдай. «Астанаға» да оңай тимейін деп тұр. Португалиялықтар, ағылшындар бар. Тіпті сол сербиялық клубтың өзін есептен шығаруға болмайды. Мұндағы арифметика қарапайым - жоспарды орындау үшін барынша көп ұпай жинау керек. Қалай дегенде де, елордалықтарға плей-офқа шығу күрделі болады. «Астана» мінезді команда, онысын іріктеу ойындарында көрсетті де. Әсіресе, соңғы айналымдағы жауапты матч. Шынын айтқанда, елордалық команданың камбэгіне көпшілік сенген жоқ десе де болады. Бірақ, қазақстандық клуб ең қажет кезінде мінез таныта алды. «Браннды» жеңіп, топқа шыққан соң елордалықтардың ойыны құлпырып шыға келгендей. Өкінішке қарай өткенде «Жеңіспен» ұпай жоғалтып алды, алайда, мүмкіндіктері әлі де бар.

Ал Конференциялар Лигасына қайтып оралсақ, «Астанаға» топтан шығу қиындау. Бірақ бәрібір қол қусыратындай емес, шамалары жеткенше тырысуы керек. Норвегиялық командамен өткен ойындарда жанкүйерлердің басым бөлігі, олардың қатарында мен де, «Астананың» жетістігіне аса сене қоймадық. Бірақ, елордалықтар бәрінің жорамалын теріске шығарды. Жеке өз басым Григорий Бабаянның командасы плей-офтан бой көрсетеді деп сенбеймін, бірақ жаздағыдай тағы бір ерлік жасап жатса, бұған тек қуанатын едім. Сондықтан, «Астанаға» сәттілік тілеймін. Мейлі, топтан шықпаса да елдің намысын таптатпайтындай өнер көрсетіп, мықты қарсыластармен мейлінше көбірек ұпай жинауына тілектеспін. Сол «Челсимен» де намысты қолдан бермесе деп тілеймін. Жалпы, топтан ары аса алмаған жағдайдың өзінде, ешкім оларды қатты сөге қоймас. Ал плей-офқа шығып жатса, бұл тіптен керемет жетістік. Қазақ футболы үшін бұл сөзсіз үлкен олжа!

- Асқар жақанұлы, бапкерлікке қайтып оралатын ойыңыз жоқ па? Дәл қазір немен айналысып жүрсіз?

- Қазір боспын. Шағын үзіліс алдым. Былтыр Талдықорғанда жұмыс істегенім өздеріңізге белгілі. Ол жақта тәп-тәуір команда жасақтап, нәтижеге келе жатқандай едік, бірақ «дұрыс» емес адамдардың кесірінен жұмысты жарты жолдан тоқтатуға тура келді. Мені бас бапкерліктен әділетсіздікпен алып тастағанын де білесіздер. Ал жалпы Талдықорғандағы жұмысымның қалай болғаны көпшілікке мәлім. Сондықтан, ұсыныстар түседі деп ойлаймын. Шыны керек, биылдың өзінде де бір ұсыныстарды күткем. Бірақ әзірше ешкімнен ұсыныс келіп түспеді. Талдықорғандағы жұмысымды өзге клубтардың директорлары да жақсы біледі. «Жетісуда» қандай команда жинап, командамен жоғары дивизионға қандай жолды жүріп өткенімді қажет адамдардың барлығы естіп-біліп отыр. Мен барғанда жетісулық клуб 13-орында болатын. Ал біріншілікті үшінші орынмен аяқтадық. Біздің командаға осы 10 сатыны еңсерудің қаншалықты қиын болғанын білсеңіздер ғой! Үміт үзбеймін әлі де күтемін. Премьер-лига ғана емес, қатып қалған дүние жоқ. Бірінші лигаға да баруға болады. Ондай мүмкіндік болып жатса алдына нақты мақсат-міндет қойылатын ұжыммен жұмыс істегім келеді. Оның үстіне менде мұндай тәжірибе бар ғой: бірінші дивизионның екі түрлі клубымен жоғары міндеттерді орындап шыққан болатынбыз. Сол тәжірибемді бір кәдеге жаратар едім. Ұсыныстар келіп түссе, кез-келген уақытта дайынмын. Ал бапкер ретіндегі біліктілігімді осыған дейін атқарған жұмыстарымнан-ақ көруге болады. Сондықтан, тек қана күтейік, өз басым кез-келген жұмысқа дайынмын.  

- Әңгімеңізге көп рахмет, сәттілік тілеймін!

- Сіздерге де шығармашылық табыс тілеймін. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×