«Аладоп.кз» белгілі отандық бапкер Алмас Құлшынбаевпен тілдесіп, биылғы премьер-лига мен шетелдік футболшыларға қатысты заңнама туралы пікірін білген еді.
«Жалпы чемпионаттың деңгейіне қатысты? Енді маусым барысында біраз өзгерістер орын алды. Соған сай командалардың жоспары да өзгерістерге ұшыраған болатын. Легионерлерге қатысты заңнан кейін шетелдік футболшылар бір командадан екіншісіне ауысты. Осының салдарынан клубтарда біраз бей-берекетсіздік байқалғанын көрдік. Бұл заңның әсері қандай болғанын дәл айту қиын, кей жерде деңгей өскен шығар, мүмкін кей тұста олқылықтар орын алды. Жалпы, өзім оны қолдаймын. Легионерлер санын шектеп, отандық футболшыларға мүмкіндік берген өте дұрыс қадам болды. Иә, мүмкін кейбірі мұны жасанды құбылыс дейтін шығар, бірақ бізде одан басқа амал жоқ», - деді А. Құлшынбаев.
Айта кетейік, жаңа заңға сәйкес енді отандық клубтар легионерлер жалақысын жергілікті бюджет есебінен төлей алмайды. Шетелдік футболшылардың келісімшартын тек демеушілер есебінен көтеруге рұқсат бар.