Қазақстандық танымал сарапшы Алмас Құлшынбаев премьер-лиганың деңгейі мен чемпиондыққа таластағы басты фавориттерді атады.
«Биылғы біріншілік несімен қызық? Біраз команда соңғы өзгерістерге сәйкес қазақстандық футболшылармен, кейбірі құрамында бір-екі шетелдік ойыншымен ғана өнер көрсетуде. Уақыт өте чемпионаттағы клубтардың деңгей-дәрежесі теңесетін шығар, мүмкін сол демеушілері мен ресурстары бар «Астана», «Қайрат» легионер тұрғысынан бір артықшылыққа ие болуы ықтимал. Осы қатарға «Ақтөбе»,«Ордабасы» мен «Елімайды» да жатқызуға болады. Бірақ семейліктер де қазақстандық футболшыларға арқа сүйейтін модельге көшеді деген сыбыс бар. Сондықтан, биыл бас жүлдені «Астана» мен «Қайрат» сарапқа салады деген ойдамын. Соңғы ойындарына қарай алматылық клуб қайтадан қарқын алып келе жатқанға ұқсайды. Өткенде сүреңсіз ойын көрсетсе де осы маусымдағы басты фаворит 60-та 40 пайыз «Астана» меніңше. Қалай болғанда да, чемпиондыққа қос клуб таласады», - деді отандық маман «Аладоп.кз» сайтына берген сұқбатында.
ҚПЛ-дің 15 турынан кейін «Астана» 36 ұпаймен көш бастауда. Екінші орында «Қайрат». Үздік үштікті «Ақтөбе» түйіндеуде.