Алмат Бекбаев: Бізде қақпашы дайындайтын бапкер жоқ

20.03.2012, 19:31
Алмат Бекбаев: Бізде қақпашы дайындайтын бапкер жоқ
«Ордабасы» командасының тарихын парақтап көрсеңіз, бірнеше мықты қақпашыларды байқайсыз. Соңғы онжылдықта бұл команданың қақпасын Олег Воскобойников, Александр Мокин секілді ұлттық құраманың қақпашылары да қорғаған. Бүгінде солардың ізін Алмат Бекбаев басты. «Ордабасы» клубына «Қайсардан» ауысқан қақпашы, бүгінде шымкенттік жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналған. Сәті түсіп біз Алматпен сұхбаттасқан едік. – Үлкен футболдағы алғашқы кездесуіңіз есіңізде шығар. Сол туралы айтып берсеңіз? – Әрине, есімде. Мен ол ойынды ешқашан ұмытпаспын. 2000 жылы мен «Томирис» командасының сапына ауыстым. Үлкен футболда алғаш «Тараз» командасына қарсы ойнадым. Сол ойында көп қобалжыдым. Бірақ өз қақпама доп кіргізбедім. Ойын 0-0 есебімен аяқталды. Сол ойыннан кейін маған бас бапкер келіп, ертеңгі ойынға негізгі қақпашы сен боласың деген. –Басқа командаға ауысатын ойыңыз жоқ па? – Менің «Ордабасымен» осы жылдың аяғына дейін шартнамам бар. Сол үшін де осы жылы жақсы ойын көрсетсем деймін. Келісімім біткен уақытта басқа командалардың талаптарын көре жатармын. – Сіз бір кездері оралдың «Ақжайық» командасында тер төккен едіңіз. Бірнеше жыл өткеннен соң Батыс өңірінің ұжымы Премьер-лигаға қайта оралды. Ол командадан сізге ұсыныс келмеді ме? – «Ақжайықты» мен ойнап жүрген кезде басқа адамдар басқарған болатын. Қазіргі таңда оралдық клубта мені танымайтын кісілер жұмыс істеуде. Сонымен қатар олардың қазіргі жағдайлары маған қолайсыз. – Бүгінде «Ордабасы» командасының қатарына Қазақстан жастар құрамының негізгі қақпашысы Самат Отарбаев ауысты. Оның үстіне Роман Нестеренко бар. Сол қақпашылардың көлеңкесінде қалып қоям деген үрей мазаламай ма? – Команданың бірінші қақпашысы болу оңай болмайтынын  білемін. Бірақ мен бәсекелестіктен қорықпаймын. Сөзсіз, олар да мықты қақпа күзетшілері. Қайткенде де мен өз күшімді, қолымнан келген барлық өнерімді 100%-ға көрсетуге тырысамын. – Алмат, интернет беттерін қарап отырып, сіздің трансферлік бағаңызды көріп қалдым. Ол 2 750 000  сомаға тура келеді екен. Бұл ақпар рас па? – Жоқ. Менің трансферлік құным мұнша қымбат емес. – Егер құпия болмаса, трансферлік құныңыз қанша? – Шыны керек, мен өзімнің трансферлік құнымды білмеймін. – Сонда егер сіз басқа ұжым сапына ауысып жатсаңыз, қанша пұлға ауысқаныңызды білмейсіз деген сөз бе? – Иә, бізде трансферлік ақпарат жасырын түрде жүреді. Сондықтан да мен өзімнің қанша тұратынымды білмеймін.   – Сіздің ойыңызша шымкенттік ұжымның бүгінгі көшбасшы ойыншысы кім? – Менімше, командада бір емес, бірнеше көшбасшы ойыншылар бар. Қайрат Әшірбеков, Фархадбек Ирисметов сынды аяқдопшылар матчтың кез-келген уақытында ойынды өз қолдарына алып, жас ойыншыларды алға жетелей алады. – Ал команда қатарындағы легионердің қайсысын мықты дер едініз? – Шеттен келген ойыншылардың ішінен Александр Трайкович пен Артем Касьяновты мықты дер едім. – Қазақстан мен Еуропада өнер көрсететін қақпашылардың айырмашылығы неде деп ойлайсыз? – Еуропа жерінде футболға қызығушылық Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары. Ол жақта бір ойыншымен бір бапкер жұмыс жасайды. Қақпашылармен де солай. Ал бізде қақпашы дайындайтын білікті бапкер жоқтың қасы. Жаттығу кезінде бір команданың үш қақпашысымен бір ғана маман жұмыс жасайды. Кей кездері қосалқы құрам қақпашысымен жұмыс істеуге уақыты да жетпей қалады. Осыдан кейін жас қақпашылар қалай шеберліктерін шыңдамақ?! Осы және басқа да себептермен біздің қақпашылар өзінің жақсы қырларын көрсете алмай келеді. – Сіз негізі Қызылорда өңірінің тумасысыз ғой. Бірақ, Шымкентте жүргеніңізге бірнеше жыл болды. Шымқалаға сіңісіп кеткен шығарсыз? – Әрине. Менің Шымкентте жүргеніме 10 жылдан асып кетті. Жанұям да өзім де  осы жерде тұрамыз. Достарым, таныстарым өте көп. – Бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Көбінесе жанұяммен өткізуге тырысамын. Ресторанға, киноға, боулингке барғанды жанұям қатты ұнатады. – Кітап оқығанды ұнатасыз ба? – Өкінішке орай, кітап оқығанды жаным қаламайды. Газет, журналдарды қарап тұрамын. Дегенмен қызым мектеп табалдырығын аттағаннан бері азды-кем кітап оқытып дайындайтыным бар. –Дем алуға шет елге көп шығыр тұрасыз ба? – Көп емес. Соңғы жылдары Қытайға, Біріккен Араб Әмірлігіне Түркияға жанұяммен барып келгенбіз. Ал командамен жылына екі рет шет ел асып, оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрамыз. – Басыңыздан өткен қызықты оқиғаны айтып берсеңіз… – Есімде, ең алғаш Түркияға барған кезім. Оқу-жаттығу жиыны еді. Стамбулдың әуежайында қолымды  жуып келейін деп жуынатын бөлмеге кірдім. Суағардың бұрағышын бұрап су ашайын десем бұрағыш жоқ. Айналаның бәрін қарап, ақыры таппадым. Енді қайттім деп тұрған кезімде, бір түрік азаматы келіп, қолын қол жуғыштың астына ұстап беймарал жуып тұрғанын көріп, өте таң қалдым. Әбден күлдім. Сөйтсе, қол жуғыштың астына қолыңды тоссаң су өзі ағады екен. – Соңғы сұрағым, алдыңызға қойған мақсаттарынызды айтсаңыз? – Әрине, әр адамда мақсат болу керек деп ойлаймын. Менің мақсатым бар. Ол Қазақстан құрама командасының жейдесінде ойнау. Сонымен қатар Еуропаның ортаңқол деген клубында тер төгіп көру. Қазақ аяқдопшылары футбол ойнай алады дегенді дәлелдеп беру. Алдыма міне осындай мақсаттар қойғанмын. –       Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Уәлихан ҚОСАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×