Алматы әкімдігі 2011 жылы «Қайрат» футбол клубына 700 млн бөлді

04.03.2011, 21:12
Алматы әкімдігі 2011 жылы «Қайрат» футбол клубына 700 млн бөлді
Алматы әкімдігі 2011 жылы «Қайрат» футбол клубына 700 млн бөлді. Команданың демеушісі «КазРосГаз» ЖШС қайырымдылық көмек ретінде 299 млн бөлді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. «Біз биылғы жылы қаржыландыруды өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге арттырдық. Командаға демеушіміз де қаржылай қолдау көрсетеді», - деп мәлім етті қала әкімі Ахметжан Есімов сейсенбі күні жаңа ойын маусымының алдында «Қайрат» футбол клубының таныстырылымында. А. Есімовтың айтуынша, жаңа 2011-ші жылғы маусымға футбол клубы қаржылай қарыздарсыз аяқ басқалы тұр. «Өткен жылы жаттықтырушыларға, ойыншыларға берген уәделелдің бәрі орындалды, шешілмей қалған қаржылық мәселелер жоқ», - деді қала әкімі. Алдағы маусымда «Қайраттың» алдына қойылып отырған ең төменгі міндет – алғашқы алтылықтың құрамында финалға шығу. Қала әкімі клуб чемпион атанса, ойыншыларға қосымша қаржыландыру бөлетінін уәде етті. «Қайрат» - бренд, қаламыздың, еліміздің тарихы, ал сіздер клубтың дәстүрлерін жалғастырып отырсыздар», - деді қала әкімі «Қайрат» ойыншыларына. Ақпаратта атап көрсетілгендей, кездесуде «Қайрат» футбол клубы мен «КазРосГаз» ЖШС-інің арасында командаға қаржылай көмек туралы келісімге қол қойылды. Компанияның өкілдері ойыншыларға жаңа автобустың кілтін табыс етті. Қысқы маусымаралық кезеңде «Қайраттың» құрамын толықтырған жаңа ойыншылар – қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Руслан Балтиев, Мұрат Сүймағамбетов, Илья Воротников, Даниил Рихард, Константин Головской, Сергей Струков, Мадияр Момынов, Евгений Климов, Андрей Цветков, легионерлер Владимир Байрамов, Павел Кирильчик, Деян Христов. Биыл «Қайраттың» жаттықтырушылары да өзгерді. «Клубтың басшылығы бас жаттықтырушы қызметіне Владимир Никитенконы тағайындады. Биыл оған 82-ші жылдары «Қайраттың» құрамында ойнаған Сергей Стукашов көмекші болады», -делінген әкімдіктің ақпаратында. «Қайрат» ФК (Алматы) шеберлер командасы және кәсіпқой клуб ретінде 1954-ші жылдан бері белгілі. Клуб алматылық «Динамоның» (1937-53жж.)негізінде құрылды. 2 рет Қазақстан Республикасының чемпионы атанған (1992, 2004жж.). 5рет Қазақстан Республикасы Кубогының иегері атанды (1992, 1996/97, 1999/2000, 2001, 2003жж.).КСРО футбол Федерациясы кубогының иегері (1988ж.). Халықаралық теміржолшылар спорттық одағы кубогының иегері (USIC - 1969/71жж.). Бірінші лига командаларының арасында КСРО-ның 2 дүркін чемпионы (1976, 1983), бірінші лига командаларының арасында Қазақстан Республикасының чемпионы (2009). «ҚазРосГаз» ЖШС - 2002 жылдан бері Қазақстан Республикасының ішкі нарығына газ жеткізумен, қалған газды экспортқа шығарумен айналысатын қазақстандық-ресейлік кәсіпорын. Дереккөз: ҚазТАГ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×