Алматы әкімдігі "Қайрат" – "Реал" матчы алдында арнайы мәлімдеме жасап, ұйымдастыру мен қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды.
Әкімдіктің хабарлауынша, матч күні қалада қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Ойынға 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері тартылып, олардың негізгі міндеті – жанкүйерлер мен футболшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ көлік қозғалысын реттеу. Жол қозғалысына уақытша шектеулер қойылатынына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына алдын ала жүріс бағыттарын жоспарлап алу ұсынылды.
Қалалық полиция департаменті жанкүйерлерге үндеу жасады:
"Команданы қолдау – мәдениеттілікпен қатар жүруі тиіс. Стадионда да, қалада да өзара сыйластық пен тәртіп сақтап, тазалыққа мән берейік. Бұл – Алматының ғана емес, бүкіл елдің беделіне қосылған үлес." – делінген мәлімдемеде.
Алдағы ойынды Алматы әкімдігі тек спорттық шара емес, қаланың халықаралық деңгейдегі имиджін көрсететін маңызды оқиға деп бағалап отыр.