Өткен аптада Алматыда Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен Алматы қаласының балалар және жасөспірімдер лигасы құрылды. Бұл бастаманың басы-қасында жүрген, белгілі бапкер Бауыржан Сәрсекенов аталмыш жобаның авторы әрі дирректоры.
Алматы қаласындағы балалар мен жасөспірімдер футболының соңғы кездегі ақаулы мәселелері ешбір шешімін таппай тұралап қалған еді. Бұл жайында бас көтеріп, БАҚ беттерінен көрініп жүретін Бауыржан Сәрсекенов түбі дегеніне жетті. Алматы қаласындағы спорт мектептерінің шәкірттерін жас категорияларына бөле отырып, қалалық біріншілік ұйымдастырмақшы. Бұл лиганың мақсаты жалпы футболды насихаттау және жастарды салауатты өмір салтына тарту. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастыратын жарыстарға Алматы қаласының құрама командаларын жасақтау және олардың дайындығын арттыру. Түрлі деңгейдегі ұлттық құрамамызға Алматы қаласының түлектерін іріктеу және дайындық барысының тиімді жүйелерін іске асыру секілді міндеттерді осы жоба алдағы уақытта қамтымақшы.
Жаңадан құрылған лиганың мақсатына алдағы уақытта оқу-әдістемелік мәселелерді де шешу қарастырылған. Болашағынан үміт күттіретін және дарынды аяқдопшыларды іздеу, олардың кәсіби біліктілігін арттыру, өткізілетін жарыстарды материалдық-техникалық жағынан толыққанды қамту да алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар тізімінде.
Осы мәселеге байланысты Футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов алдағы уақытта премьер-лига клубтарынан бөлек 1-лига командалары да өз қарамақтарында балалар, жасөспірімдер командаларын жасақтайтын болады деп сендірді.
Алматы қаласы футбол федерациясы мен «Ala It Network» компаниясының демеушілігімен жүзеге асқалы отырған жобаның көпшілік көңілінен шықты. Алдағы уақытта қатысушы командалар мен жарыстар кестесі құрылатын болады. Б.Сәрсекеновтың айтуынша мектеп жасындағы балаларға қысқы және жазғы демалыстар кезінде міндетті түрде турнир жасалынады. Олардың ішінде Т.Сегізбаев және Д.Қонаев атындағы турнирлерде бар.
Ермұхамед МӘУЛЕН