Чемпиондар лигасының үшінші кезеңінің алғашқы ойынында «Слован» тек жеңіліп қана қоймай, бірнеше кадрлық тапшлыққа да тап болды.
Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі «Қайратқа» қарсы ойында (0:1) 90+2 минутта Вайсс бас төреші Сердар Гөзюбюктің шешімімен келіспегені үшін, қызыл қағаз алды. Осылайша, енді Братиславада өтетін қарымта кездесуде Владимир Вайсс «Слован» командасының жаттықтырушылар орындығында болмайды. Сондай-ақ, команда сапынан алаңнан қуылған Гана өкілі Рахим Ибрахим мен Чемпиондар лигасында екінші сары қағазын алған Тигран Барсегян да қарымта матчты өткізуге мәжбүр.
Еске салайық, «Қайрат» 90-минутта Дастан Сатпаев соққан пенальтидің арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Қосымша уақытта қазақстандық клуб тағы бір гол соққан еді, бірақ VAR қарап шыққан соң ол гол есепке алынбады.
Қарымта матч 12-нен 13 тамызға қараған түні Братиславада өтеді.