Алматылық "Қайраттың" тарихи жеңісі қазақ футболында жаңа дәуірдің есігін ашты. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама клуб үшін де, ел футболы үшін де теңдессіз жетістік. Бұл жеңістің артында үлкен еңбек, тактикалық дайындық, жанкүйерлік қолдау бар. Бірақ бәрінен бұрын шешуші сәтте қақпаға өткен үш бірдей пенальтиді қайтара білген Темірлан Анарбековтың ерлігі тұр.
Алайда, дәл осы жеңістің нағыз қаһарманына жасалған құрмет көптің көңілін қалдырды. Astana Motors басшысы Нұрлан Смағұлов бас бапкер Рафаэль Уразбахтинге Hyundai Palisade сыйлап, қақпашы Анарбековке небәрі MacBook табыстады. Бір қарағанда жомарт қадам. Бірақ салыстырмалы түрде алғанда, бұл әділетсіз әрі орынсыз.
Футбол тарихында пенальти сериясы қақпашының жеке майданы. Сол майданда ерлік көрсеткен Анарбеков болмаса, бүгін Palisade-тің кілті де Уразбахтиннің қолына тимес еді. Қақпашының батылдығы, салқынқандылығы мен шеберлігі болмаса, "Қайраттың” жеңісін елестету мүмкін емес.
"Бұл Қазақстан футболындағы ескі психологиялық кедергінің көрінісі. Біз әлі күнге дейін жетістікті тек бапкердің еңбегімен өлшейміз, ал алаңдағы нағыз батырларды екінші орынға ысырып қоямыз. Әсіресе қақпашының рөлі тиісті деңгейде бағаланбай келеді.” – деп көптеген қауым әлеуметтік желілерде жарыса жазуда.