Қазақстандық жаттықтырушы Андрей Ферапонтов алдағы Грециядағы оқу-тәжірибе сапары туралы егжей-тегжейлі бөлісті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Ол әйгілі маман Марко Николич басқаратын Афинаның "АЕК” клубында бір аптаға жуық жұмыс барысын бақылап, тәжірибе алмасады.
Ферапонтовтың айтуынша, сапардың негізгі бағыты — "АЕК" клубының жаттығу процесін зерттеу, бапкерлік штабпен қарым-қатынас орнату және кәсіби тәжірибе бөлісу.
Жоспарда "АЕК” – "Арис” матчына қатысу (бүгін), 27 қарашада Конференциялар Лигасындағы "Фиорентина" – "АЕК” кездесуін көру, 30 қарашада Греция чемпионатындағы "Панатинаикос" – "АЕК" дербиін тамашалау, "АЕК” командасының апталық жаттығу циклімен толық танысу және бас бапкер Марко Николичпен тікелей сұхбат жүргізір, тәжірибе алмасулар бар.
Ферапонтов бұл сапардың бапкер ретінде көзқарасын кеңейтіп, жаңа әдістемелерді меңгеруге үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
Серый CARDINAL телеграм арнасының мәліметінше егер билет табылса, Ферапонтов пен әріптестері Еуролиганың әйгілі баскетбол матчы — "Олимпиакос” – "Реал Мадрид” кездесуімен де сапарын қызықтыра түспек. Бұл — тәжірибе алмасу бағдарламасына қосымша сый ретінде қарастырылып отырған сыңайлы.
Жаттықтырушы Дмитрий Карповтың көмегін ерекше атап өтті. Көкшетаулық бапкер PRO лицензиясына оқып жүр және дәл осы сапарға Ферапонтовты да өзімен бірге ала кеткен.
"Осы мүмкіндік үшін Дмитрийге ерекше алғыс айтамын!” — деді “Қайсар" клубының жаңа бас бапкері.