"Қайсардың" бас бапкері Андрей Ферапонтов команданың 2026 жылғы Қазақстан Премьер лигасына дайындық барысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бапкердің сөзінше, қазіргі таңда ұжым ең ауыр физикалық жүктемелер кезеңінен өтіп жатыр.
Оқу-жаттығу жиынының аяқталуына санаулы күндер қалды. Ферапонтов мырзаның айтуынша, футболшылар қазір шаршау шегінде жүр, бірақ бұл — жоспарлы процесс.
"Бізде қазір жүктеменің ең жоғары шегі (пик). Кеше тіпті ойын болатын күні де таңертең жаттығу жасадық. Ойыншылар алаңға шаршап шығуы мүмкін, сондықтан бақылау матчтарындағы нәтижеге аса бас қатырып жатқан жоқпыз. Біз үшін ең маңыздысы — жаттығуда үйренген қағидаларды ойын кезінде қалай қолданып жатқанымыз.” — деді бапкер.
Әзірге "Қайсар” матчтарға аралас құраммен шығып жүр. Алайда нағыз іріктеу кезеңі басталғалы тұр.
18 ақпаннан бастап бапкерлер қосыны алғашқы турға шығатын негізгі ойыншылар тобын анықтай бастайды.
Алдағы 10 күн техникалық-тактикалық жұмыстарды пысықтауға және чемпионатта көмектесетін тактикалық нюанстарды жетілдіруге арналады.
Дайындық соңына дейін “Қасқырлар” тағы үш бақылау ойынын өткізеді. Ферапонтов команданың маусым басталар алдында оңтайлы бапқа келетініне сенімді. Негізгі басымдық — тек физикалық күш қана емес, командалық қимыл-әрекет пен тактикалық сауаттылықты арттыру.