Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Молдовамен болатын қарымта матч қарсаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, жергілікті тілшілердің сауалдарына жауап берді:
- Менің ойымша, барлығы сырт алаңда матчтың қалай болғанын көрді. Команданың дайын екеніне сенімдімін. Алғашқы матчтағы жеңіс бізге сенімділік береді. Дегенмен ойынның мазмұнына қатысты сұрақтар көп. Өкінішке орай, менде бір сәтте барлық нәрселерді өзгертетін сиқырлы таяқша жоқ, бірақ жігіттердің көзқарасына ризамын және ертең жанкүйерлердің қолдауына иек артамыз, бұл біз үшін өте маңызды.
- Молдовада Думан Нәрзілдаев, Алексей Щеткин және Нұралы Әліп ойынға ене алмады. Ертеңгі матчта өзгерістер бола ма?
- Тактикалық тұрғыдан өзгеріс жасау қиын, өйткені бізде уақыт жоқ. Біз алғашқы матчты талдап, қарсыластың мықты және әлсіз жақтарын анықтадық. Өзгерістер болады, дегенмен біз әлі бір жаттығу өткіземіз. Сондықтан кімнің алаңға шығатынын әлі шешкен жоқпыз. Бұл футбол болғандықтан, кейбір футболшылардың ойынға ене алмай қалуы қалыпты жағдай болып табылады. Мұның бірнеше себептері бар. Бірақ, бастысы, біз сырт алаңда жеңіске жеттік.
- Ертеңгі кездесуде қорғаныста ойнап, қарсы шабуылдарға иек артамыз ба?
- Жоқ. Біз өз алаңымызда ойнағандықтан, шабуылда өнер көрсеткіміз келеді. Менің ойымша, алғашқы матчта да біздің командада шабуылшылар көп болды. Ертеңгі ойында екі орталық шабуылшымен өнер көрсетуіміз мүмкін. Себебі өз алаңымызда, әсіресе жанкүйерлердің көзінше қорғанысқа қамалып алу спортқа тән қағида емес. Біз ертең агрессивті түрде ойнап, сапалы футбол көрсеткіміз келеді.
- Нұралы Әліп "Зенитке" ауысқандықтан оған артылар жауапкершілік көп. Оған түскен қысым алғашқы ойында байқалды ма?
- Нұралы жайлы айтылар дүние көп. Ол соңғы кездері тұрақты түрде ойнамағандықтан, белгілі мәселелерге тап болды. Бірақ Нұралы - біздің ойыншымыз, ұлттық құраманың болашағы. Ия, ол алғашқы кездесуде қателесті. Бірақ мен бар назарымды командалық ойынға аударғым келеді. Команданың жеңісіне Әліптің де өз үлесін қосқанын ұмытпағанымыз жөн.
- Ертеңгі ойынға Георгий Жуков, Абат Айымбетов және Абылайхан Назымханов дайын ба? Алғашқы матчта бұл ойыншылар өтінімге де енбеді. Мұның себебі неде?
- Молдоваға 27 ойыншымыз ұшып барды, ал өтінімге 23 ойыншы енуі тиіс. Біз белгілі жағдайларға сүйене отырып, осындай шешім қабылдадық. Ал ертеңгі матчта өзгерістер болады. Бірақ бұл жайлы айта алмаймын. Мен ұлттық құрамаға шақыртылған ойыншылардың барлығына сенім артамын. Тіпті алаңға шықпаған ойыншылап да команданың жеңісіне белгілі бір деңгейде үлес қосады. Себебі олар жаттығуда барын салып, бәсекелестіктің артуына сеп болады.
- Ойыншылар ертеңгі матчқа физикалық тұрғыдан қаншалықты дайын?
- Біздің футболшылар Премьер-лигада небәрі екі-үш ойынға қатысты. Дегенмен олардың физикалық жағдайына қатысты айтар шағымым жоқ.
- Ертеңгі кездесуде жеңіске жетсеңіз, ұлттық құрамада қаласыз ба әлде клубты таңдайсыз ба?
- Мен мұнда келгенде, ҚФФ президентімен егер екі ойында жеңіске жетсең, ұлттық құрамада қаласың деген келісім болған жоқ. Маған осы екі ойында оң нәтижеге қол жеткізу туралы міндет қойылды. Себебі мен осы елде туып-өскендіктен, Қазақстан футболын жақсы білемін. Әрине, ұлттық құраманы жаттықтырғым келеді. Бірақ бұл клубтағы жұмыстан әлдеқайда өзгеше.
Мен бұл сұраққа жауап бергім келмейді. Бар назарымды ертеңгі ойынға аударамын. Ары қарай не болатынын ойлап та көрмедім.
Біздің серіктес: FONBET