"Елімай" клубының бас бапкері Андрей Карпович Премьер лиганың 21-турындағы "Қайратқа" қарсы өткен ойынды (3:2) қорытындылады.
"Өз атымнан және бүкіл "Елімай” командасының атынан "Қайратты” Еурокубоктардағы табысты ойынымен және жеңістерімен құттықтағым келеді. Бүкіл Қазақстан "Қайратқа” жанкүйер болып, бірге қуанып жатыр. Сондықтан бізде олардың жетістігіне шын жүректен қуаныштымыз. Қиын кезеңде мұндай нәтижеге қол жеткізу үлкен еңбек. "Қайрат” бұған әбден лайық, өйткені клубта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өзім де кезінде осы командада карьерамды бастағам, сол уақытты әрдайым жылы еске аламын. "Қайратқа” алдағы маусымда сәттілік тілеймін, оларды қиын да қызықты кезең күтіп тұр.
Біздің жеңісімізге келсек, егер қателеспесем, "Елімай” Алматыда "Қайратты” соңғы рет 28 жыл бұрын ұтқан екен. Сондықтан бұл біз үшін тарихи оқиға. Біз мінез көрсетіп, өте маңызды әрі құнды жеңіске қол жеткіздік.
Жанкүйерлерімізге ерекше алғыс айтқым келеді. Алматыда бізді қолдаған адамдар көп болды. Жанкүйерсіз футболдың болашағы жоқ, футбол халық үшін. Бізге уақытын, қаржысын бөліп, арнайы келгендердің бәріне алғыс білдіремін.
Өкінішке қарай, матч соңында бір келеңсіз жағдай болды. Команданың атынан және жеке өз атымнан Иван Свиридовтың қылығы үшін кешірім сұраймын. Төреші оның әдепсіз ишарат жасағанын айтты. Ол жас жігіт, эмоцияға беріліп кеткен шығар. Біз сөйлестік, ол қателігін түсінді, өзі де кешірім сұрайды. Бірақ бас бапкер ретінде жанкүйерлерден және "Қайраттан” кешірім сұрауды жөн көріп отырмын.
Ойын ауыр өтті. Алғашқы таймнан кейін-ақ біз "Қайратқа" оңай соқпайтынын түсіндік, өйткені олардың көптеген ойыншылары жуырда ғана Еурокубокта 120 минут ойнап, зор күш жұмсаған болатын. Әрине, біз 0:2 есебімен ұтылып жатырмыз деп жоспарламадық, бірақ күш жинап, ойынды өз қолымызға алып, мінез көрсетіп, камбэк жасадық. Бұл жеңіске біз өте қуаныштымыз."