«Ордабасы» клубының бас бапкері Андрей Мартин Қазақстан Премьер лигасының 23-туры аясында «Ақтөбеге» қарсы өткен матчқа пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Шымкенттік команда сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіске жетті. Маман бұл жеңістің турнирлік кесте тұрғысынан да маңызды болғанын атап өтті.
«Бұл турнирлік кесте үшін де, қарсыласымыздың Ақтөбе болғаны үшін де өте маңызды матч еді. Олардың жанкүйерлері, стадионы, ондағы атмосфера мен трибунадан түсетін қысымның қандай екенін жақсы білеміз. Ақтөбе — сапалы ойыншылары бар, мықты команда. Сондықтан бұл жеңістің маңызы ерекше. Менің ойымша, жеңісіміз заңды болды», — деді Андрей Мартин.
Бапкер екі команда да жоғары деңгейде футбол көрсеткенін айтты. Оның пікірінше, кездесу қарқынды әрі тартысты өтті. Кей сәттерде алаңның жағдайы ойынға кедергі келтіргенімен, жалпы матчтың сапасына көңілі толған.
«Ойын деңгейі мені қуантады. Қазақстан Премьер лигасындағы әр кездесуде осындай футбол көрсетуге ұмтылуымыз керек. Ордабасы, Ақтөбе және басқа да клубтардың арқасында қазақ футболының деңгейі жылдан-жылға көтеріледі деп үміттенемін. Биыл бізге Ақтөбеге қарағанда сәттілік көбірек серік болды. Қарсыласымыздың жақсы команда екенін тағы да атап өткім келеді және алдағы уақытта табысты нәтижелерге жетуіне тілектеспін», — деді маман.
Андрей Мартин жеңістен кейін өз ойыншыларын, клубын және Шымкент қаласын құттықтады. Ол бұл үш ұпайдың команда үшін ерекше маңызды екенін жеткізді.
Осы жеңістен кейін «Ордабасы» 28 матчта 67 ұпай жинап, турнирлік кестеде бірінші орында тұр. Ал «Ақтөбе» 45 ұпаймен бесінші сатыда келеді.