"Ордабасының" бас бапкері Андрей Мартин Шымкент клубындағы қазіргі жағдай мен Қазақстан чемпионаты туралы ойын ортаға салды. Маман Repriza бағдарламасында қызметінің бір жылдық қорытындысын жасап, команданың болашағына қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Андрей Мартин Қазақстан Премьер лигасының деңгейіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, чемпионатта бәсекелестік өте жоғары және жеңіл қарсылас жоқ:
"Маған Қазақстан футболының деңгейі қатты ұнады. "Астана", "Қайрат", "Ақтөбе", "Тобыл” сияқты тарихы бай, мықты ұжымдар бар. Сондай-ақ "Елімай" командасын да атап өтуге болады. Еурокубок жолдамасы үшін кемі 6-7 команда таласады. Әсіресе, сырт алаңда ойнау кез келген клубқа оңай соқпайды."
Бапкер Шымкенттік клубтағы соңғы өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, команданың стратегиясы мен бюджетінің күрт қысқаруы нәтижеге кері әсерін тигізген:
Мартин келісімшартқа отырар кезде қаржының бірнеше есе азаятынын білмеген.
Басқа көшбасшы клубтар күшейіп жатқанда, бюджеттің кесілуі "Ордабасы» үшін өткен жылды қиындата түскен.
Маман клуб жанкүйерлері үшін үміт сыйлайтын жаңалықпен бөлісті. Қазіргі таңда клубқа жеке инвестор келуі мүмкін деген қауесеттер бар:
"Егер командаға жеке инвестор келіп, клубты қайтадан биік белестерге шығарғысы келсе, жағдай түбегейлі өзгереді. Бұл "Ордабасының" көшбасшылар қатарына қайта оралуына үлкен мүмкіндік болар еді.” — деді Андрей Мартин.