"Астананың" бас бапкері Андрей Тихонов Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында Конференция Лигасының іріктеу кезеңіндегі финляндиялық КУПС-пен болатын ойынға көзқарасы жайлы және неліктен ойынды Куопиода емес, Хельсинкиде өткізуді талап еткенін түсіндіріп берді.
- Андрей Валерийұлы, жанкүйерлерді алаңдататын негізгі сұрақтан бастайық: Марин Томасов алаңға шығуға дайын ба?
- Мен өз жанкүйерлерімді сендіргім келеді, Мариннің қазір жағдайы жақсы, жалпы топпен жаттығуда. Ол "Ариспен" матч алдында алған жарақатынан айықты. Оның алаңда болуы біз үшін өте маңызды, онсыз біз Салоникидегі матчта қиналып қалдық.
- Одан басқа жарақат алған ойыншылар бар ма?
- Біздің ойыншылардың аздығын және жас ойыншылардың халықаралық тәжірибесінің жоқтығын ескере отырып, әр ойыншының жарақат алуы - біз үшін үлкен мәселе. Грекияда біз Томасовқа ғана емес, Шимуновичке де сенім арта алмадық. Бұл жолы олардың бәрі қатарда. Макс Эбонгтың денсаулығына қатысты аздаған алаңдаушылық бар. Біз оны әлі де аяққа тұрғызамыз деп үміттенемін және ол КуПС-пен болатын ойынға қатысады.
- УЕФА Конференция Лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі матчты "Савон Саномат Аренада" өткізуге рұқсат бергенімен, алдағы кездесу Куопио емес, Хельсинкиде өтеді. Мұның себебі неде?
- Олар жақында ғана рұқсат алды, біз ол кезде қонақүйге және Хельсинкиге баратын рейске тапсырыс беріп қойған едік. Сондықтан матчты алдын-ала келісілген стадионда өткізуді талап етуге құқылы болдық. Біз оларды жанкүйерлерінен айырдық, әрине әдейі емес. Бірақ Грекияда бізге өте қиын болды. Біз тек "Арис" ойыншыларымен ғана емес, 17-18 мың ашулы жанкүйерлерге қарсы ойнадық. 120 минут ішінде бізге психологиялық қысым көрсетілді, жаман сөздер айтылды, бөтелкелер және басқа заттар лақтырды. Мен осы жағдайдың қайталанғанын қаламаймын.
Үшінші санатқа кірмейтін шағын КуПС стадионы неге рұқсат алады, ал жаңадан жөнделген "Шахтер" мен "Тобылдың" стадионына неге рұқсат берілмегенін түсінбеймін. Кейінірек, Қостанайда өткен матчтың бейне шолуынан жанкүйерлердің ойыншыларға қалай көмектескенін, олардың қандай қолдау көрсеткенін көрдім. Бұл өте қымбат тұрады! Ал енді "Шахтер" мен "Тобыл" бұл артықшылықтан айырылды.
- Сіздің ҚПЛ-дагы қарсыластарыңыз үшін алаңдайтыныңыз қызықты жағдай екен.
- Біз тек чемпионаттағы қарсыластармыз. Ал қазір бәріміз ортақ бір нәрсені істеп жатырмыз: біз Қазақстанның атынан шығамыз және осы елдің намысын қорғаймыз. Бейсенбіде біз бәріміз қазақстандық боламыз, біз коэффициенттер кестесінде қазақ футболы үшін ұпай жинауға тырысамыз. Біз Салоникидегі алаңға шыққанда, "Шахтер" мен "Тобылдың" келесі кезеңге өткенін білдік. Бұл жаңалық бізге қосымша жағымды эмоциялар мен күш берді. Мен Қазақстанның төрт клубының да өз өнерін Еуропада жалғастыратынына шын жүректен қуаныштымын. Және оларға барлық жақсылықты тілеймін!
Өкінішке орай, біз өз алаңымызда жанкүйерлерімізбен ойнау мүмкіндігінен айырылдық. Мен бәрін түсінемін, барлық карантиндік шаралардың маңыздылығын білемін, бірақ бұл халықаралық деңгей. Ashyq қосымшасы, вакцинация төлқұжаттары, ПТР сынақтары бар. Мен осы мәселелерді шешетін адамдардың осы жағдайларды ескергенін және бізді қарымта матчта қолдаудан айырмағанын қалаймын. Бізге жанкүйерлер қажет.
Тағы да "Қайрат", "Тобыл" және "Шахтерге" сәттілік тілеймін!
Біздің серіктес: FONBET