Андрей Тихонов: «Мен командаға жаңа ойыншылардың келгеніне қуаныштымын»

17.07.2021, 17:14
Тихонов кешегі матчта жаңадан келген үш ойыншыға да мүмкіндік берді.
Андрей Тихонов: «Мен командаға жаңа ойыншылардың келгеніне қуаныштымын»

"Астананың" бас бапкері Андрей Тихонов Қазақстан Кубогінің топтық кезеңінің екінші турындағы "Ақтөбеге" қарсы өткен ойын (3:2) туралы пікір білдірді:

- Бізге жеңіс ауадай қажет еді, әсіресе Кубоктік ойында, өйткені топтан тек екі команда шығады. Өз алаңымызда ұпай жинауымыз керек.

Біз матчты жақсы бастадық, содан кейін ұзақ пастар беру сәтінде қателестік, дегенмен мен жігіттерден мұндай пастарды мүмкіндігінше аз беруді өтінемін және олар өзіне 100% сенімді болған кезде ғана алыс пастар беру қажет. Дәл осы сәтте біз өз ойынымызды жоғалтып алдық.

Әрине, біз "Ақтөбемен" болатын матчқа ғана дайындалған жоқпыз. Екі күн бұрын біздің ойыншыларға ауыр жүктеме берілді, сондықтан барлық жігіттер жақсы көніл-күймен шықпады және шаршаңқы көрінді. Біз келесі ойында жақсы формада болу үшін, бар күшімізді жұмсағымыз келді, себебі бүгін бізге сергектік жеткіліксіз болған шығар.

Энео Битри алғаш рет негізгі құрамда шықты және біз Жарконың оралуын күтеміз - ол жаттығуды енді бастады. Біз гол жіберіп алдық, өйткені қорғаныс шебінде Жарко жетіспейді, Битри енді ғана алаңға шығуда, сондықтан қателіктер мен түсінбеушіліктер орын алды, бірақ мұның бәрі жөнделеді, біз тырысамыз - себебі бұл біздің қолымыздан келеді.

Педро жақсы ойнады: біз үзіліс кезінде өзгертулер жасап, екі жаңа ойыншыны шығардық. Эбонг әлі де негізгі құрамның ойыншысы және бүгінгі ойында гол соғуға өз үлесін қосты, керемет ашыла білді. Ия, түзетуді қажет ететін эпизодтар бар және біз аздап шаршағандықтан нашар ойнадық.

- Фатос Бечирайдың дебютін қалай бағалар едіңіз?

- Ол 4-5 күн бойы жаттыға алмады және есеп 3:1 болған кезде біз оны алаңға шығарып, ойынды сезінуге 15 минут бердік. Алда бізді қосалқы құраммен өткізетін тағы бір матч күтеді, ол ойында да қосымша жүктеме болады. Менің ойымша, ойыншылар бізге қаншалықты ерте келсе, алаңда соғұрлым көп уақыт өткізеді. "Астанаға" бәрінің бірдей ауыса бермейтінін сіз өзіңіз де түсінесіз. Бұған дейін біз үш ойыншыны алып, құрамды күшейткіміз келді, бірақ нәтиже болмады, келіссөздер сәтсіз өтті. Содан кейін бізге тез арада командадан кеткендерді алмастыратын футболшыларды іздеу керек болды. Мен командаға жаңа ойыншылардың келгеніне қуаныштымын. Педро өте жақсы футболшы, Бечирай енді ғана ойын ырғағын сезінуде. Біз оның мүмкіндіктерін білеміз, ол Черногория құрамасының ойыншысы және ұлттық құрамасы үшін 70-тен астам ойын өткізді - бұл оның сапалы ойыншы екенін көрсетеді, біздің және оның өзіне деген сенімділігін арттырады. Бізде келесі ойынға дейін аз ғана уақыт бар, бірақ біз жеңуге тырысамыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×