"Ақтөбе" клубы Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында көпшілікті таңғалдырды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Sports24.kz мәліметінше, Ақтөбеліктердің жаттығу процесіне әлемге әйгілі маман, допты ауттан тастаудың хас шебері — Томас Грённемарк қосылды.
Гиннес рекордының иегері "Ақтөбеде” не істеп жүр?
50 жастағы Даниялық маман “Қызыл-Ақтардың” бапкерлер штабына көмектесу үшін бір аптаға арнайы шақырту алған. Оның басты міндеті — футболшыларға допты ауттан ойынға қосу арқылы қауіпті шабуыл ұйымдастырудың қыр-сырын үйрету.
Бұл жаттығу сәттері түсірілген бейнежазба "Территория красно-белых" жанкүйерлер қауымдастығында жарияланып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Бобслейден футболға дейін: Грённемарк кім?
Томас Грённемарктың есімі әлемдік футболда жақсы таныс. Ол бұған дейін Англияның "Ливерпуль" және "Арсенал” ұжымдарымен тығыз жұмыс істеп, олардың ауттан кейінгі ойын тиімділігін арттырған.
Грённемарк — допты ең алысқа лақтыру бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген рекордшы.
Қызығы, ол кәсіби деңгейде бобслеймен де айналысқан, алайда оның таланты футбол әлемінде көбірек сұранысқа ие болып отыр.