Антонио Рукавина: «Мен мансабымды дәл осы жерде, «Астанада» аяқтағым келеді»

07.03.2021, 22:30
Рукавина үшін бұл соңғы маусым болуы мүмкін.
Антонио Рукавина: «Мен мансабымды дәл осы жерде, «Астанада» аяқтағым келеді»

"Астананың" сербиялық қорғаушысы Антонио Рукавина матчтан кейінгі сұхбатында "Тобылды" Суперкубок финалында жеңу үшін ненің жеткіліксіз болғанын және клубтың Қазақстан чемпионатындағы мүмкіндіктері туралы айтты.

- Өткен ойын туралы не айта аласыз?

- Біз жақсы ойнадық, бірақ өз мүмкіндігімізді жүзеге асыра алмадық. Пенальти - лотерея, бүгін "Тобыл" жеңіске жетті - мен оларды жеңістерімен құттықтаймын, біз чемпионатқа дайындықты жалғастырамыз.

- Биыл чемпиондыққа таласуға мүмкіндік бар ма?

- Әрине, өткен кездесулер біздің жақсы команда болғанымызды көрсетті. Клубтан көптеген ойыншылар кетті, бірақ біз "Астана" командасымыз және бірінші орын үшін күресеміз.

- Сол қапталда ұзақ уақыт бойы өнер көрсеткен Дмитрий Шомконың орнына қазір жас футболшы Сағи Совет ойнауда. Онымен ойнаған ыңғайлы ма?

- Сағи әр ойын сайын жақсарады. Мұндай деңгейдегі жас ойыншылардың пайда болуы қазақстандық футбол үшін өте жақсы жаңалық. Әрине, оған үйренетін нәрсе көп, бірақ қайталап айтамын, Сағи әр ойын сайын жақсара береді.

- Сіз келген жылы клубта қазіргімен салыстырғанда жоғарғы деңгейдегі легионерлер өнер көрсетті. Сіз бұл айырмашылықты сезінесіз бе?

- Бұл жерде футбол клубтарының бюджеті едәуір қысқарғанын есте сақтаған жөн. Командаға жаңадан келгендер ҚПЛ-дің үздік ойыншылары, біз олармен бірге чемпиондық атақ үшін күресеміз.

- "Астана" мен "Қайрат" футболшыларының арасында айырмашылық бар ма, недегенмен ол жақта Штрели Мамба мен Вагнер Лав сияқты жоғары санаттағы ойыншылар бар емес пе?

- Бізде Марин Томасов пен Тигран Барсегян бар. Қазақстанның әр клубында мықты ойыншылар бар, ондай ойыншылар матч нәтижесін жалғыз өздері-ақ шеше алады.

- Жаңа стадион туралы не айта аласыз?

- Жақсы арена, егер мен қателеспесем, 39 миллионға салынды. Көгалға жауапты адамдар шөпті суарудың еуропалық үлгісін ұстануы керек. Алаң өте қатты, оны әр матч алдында суару керек.

- Осы маусымда командадан кеткен ойыншылардың жоқтығын сезесіз бе? Сіз олармен байланыстасыз ба?

- Олар мұнда көптеген жылдар бойы доп тепкен және бұл ойыншылар "Астана" үшін маңызды болды, бірақ біз қазіргі құраммен жетістікке жетуіміз керек. Әрине, біз байланыста боламыз, сөйлесеміз.

- Сербия құрамасында ойнай бересіз бе?

- Жоқ, қазір мен мансабымдағы соңғы жылдарды өткізудемін және кез-келген футболшы мансабын қашан аяқтауы керектігін білуі керек. Біз жастарға мүмкіндік беруіміз қажет.

- "Астана" сіздің мансабыңыздағы соңғы клуб па? Немесе ҚПЛ-ден кейін сіз Таяу Шығысқа кетесіз бе?

- Мен мансабымды осында, "Астанада" аяқтағым келеді. Мен қазір отыз сегіздемін, отбасымнан алыста жүрмін. Спорттық мансабымды Қазақстан чемпионатының алтын медалімен аяқтағым келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×