Аңыз ойыншыларын ұлықтауды ұмытпаған ұжымдар

Футбол әлемінде белгілі бір ұжымның тарихында есімін алтын әріппен жазған аяқдопшының командадағы ойын нөмірін мәңгілікке ешкімге бермей, тіркеп қою барлық жерлерде қалыптасқан дәстүр. Аңызына деген бұндай құрметті қазақстандық клубтарда көрсетіп жүр.

Аңыз ойыншыларын ұлықтауды ұмытпаған ұжымдар

Нұрбол Жұмасқалиев - “9” нөмір “Тобыл”

Оралдың тумасы Жұмасқалиев футболда Қостанайдың аңызына айналды. Нұрбол "Тобылда" 2000 жылдан бастап 2018 жылға дейін өнер көрсетті. Ара-арасында ол елордалық “Локомотив” пен павлодарлық “Ертісте” ойнап қайтты. Ойыншы сары-жасылдардың еурокубоктік кездесулерін сонау 2003 жылы өткізді. Жұмасқалиев сол кездері тіпті “Базель” қақпасынан саңылау тапты. 2009 жылы Нұрболдың арқасында “Тобыл” “Галатасараймен” өз алаңында тең ойнады. 

Нұрбол дәурені жүріп тұрған сәтте мәскеулік “Спартакқа” ауысуы тиіс болатын. Алайда келісімшартқа соңына дейін қол қойылмай кетті…

Жұмасқалиев 2018 жылы “Қызылжарға” қарсы "Тобыл" сапында соңғы ойынын өткізді. Тіпті голда соғып үлгерді. Сол кездесуден кейін қостанайлық команда фанаттары 9 нөмірді Нұрболдың атына мәңгілікке тіркеп қою туралы петицияға қол жинады. Бір жылдан соң жанкүйерлердің тілегі қабыл болып, тоғыздық тек Жұмасқалиевтің "Тобылдағы" ойынымен мысалға келтірілетін жағдайға жетті.

 

Ненад Эрич - “1” нөмір “Астана” 

Сербиялық қақпашы "Астанадағы" алғашқы келісімшартына 2011 жылы қол қойды. Алдағы 10 маусымында Эрич команда үшін 318 матч өткізіп, елордалық ұжымның рекордсмені атанды. Көбінде Ненад капитандық таңбамен шыққанын ерекше атап өткен жөн.

Бір қызығы, Эричтің Қазақстандағы алғашқы командасы ретінде “Қайрат” саналады. Алайда жүрек қалауы “Астана” болған қақпашы Алматыда бір маусым ғана тұрақталды.

Қақпашы болса да Ненад елордалық ұжым ойыншыларына бір емес екі голдық пас берді. Бұндай көрсеткіш әлі күнге дейін командада тіркелмеген. Құрғақ матч өткізу көрсеткіші бойыншада сербиялық жеке дара көшбасшы.

Эрич Қазақстан азаматтығын алып, ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап шыққаны әлі де естеріңізде шығар. Жалпы ойыншы құрамамызда бас-аяғы 8 ойын өткізген екен. 

2020 жылғы маусым аяқталғанда “Астана” Ненадпен қош айтысты. Ардагеріне құрмет ретінде елордалық клуб 1 нөмірді ешкімге бермейтінін мәлімдеді. 

 

Самат Смақов - “8” нөмір “Ақтөбе”

Смақов “Қайрат”, “Ордабасы”, “Ертіс”, “Елімай”, “Жеңіс”, түркиялық “Ризеспор” және ресейлік “Ростсельмаш” клубтарында доп тепті. Бірақ мансабының көп бөлігін ол “Ақтөбеге” арнады.  Батыс ұжымында Самат үш рет ел чемпионы, Кубок пен Суперкубок және үш рет Қазақстанның үздік футболшысы атанды.

Смақов мансабындағы соңғы кездесуін “Ақтөбедегі” Қобыланды Батыр стадионында өткізді.

Өзінің финалдық кездесуінен кейін “Смақов достары” мен “Ақтөбе” ардагерлері өздері арасында матч өткізді. Барлығы Саматтың құрметіне қарай ұйымдастырылды. 

Облыс басшысының түрткі болуымен “Ақтөбедегі” 8 нөмір Смақовтың атына тіркелді.

 

Андрей Финонченко - “14” нөмір “Шахтер”

Андрей Финонченко мансабының барлық бөлігін “Шахтерде” өткізді. Ардагер ойыншы “кеншілерде” рекордтық 14 маусым ойнады. Қарағанды футболының түлегі 2013 жылы Қазақстанның үздік аяқдопшысы атанады. Сол кезде ол “Шахтермен” ел Суперкубогынде топ жарады. Кеншілердің Чемпиондар Лигасындағы жарқын ойындарына бірден-бір себеп болған осы - Финонченко! 

Андрей мансабын ресми түрде мәлімдеме жасап аяқтаған күні “Шахтер” 14 нөмірді өмір бақилыққа шабуылшының еншісіне жазды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 8
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×