Футбол әлеміндегі ең әйгілі дуэттердің бірі – Криштиану Роналду мен Карим Бензема тағы да кездесті. Бұл жолы – Испанияда емес, Сауд Арабиясында. Жұма күні өткен Сауд Арабия Премьер лигасының ойынында "Әл-Иттихад" өз алаңында "Әл-Насрды" қабылдады.
Кездесу басталмай тұрып-ақ, қос аңыз футболшының шынайы жылы амандасу сәті бүкіл әлем жанкүйерлерін қуантты. Роналду мен Бензема аз уақыт әңгімелесіп, көпшілікке олардың арасындағы берік достықты тағы бір дәлелдеді.
Екеуі де Мадридтік "Реалдың” тарихында өшпес із қалдырған – ВВС (Bale–Benzema–Cristiano) триосының маңызды мүшелері болып, талай гол соғып, сан мәрте трофей жеңіп алған еді.
Матч нәтижесінде Роналду бастаған "Әл-Наср” 2:0 есебімен жеңіске жетіп, маусымды жеңіліссіз жалғастырып келеді. Португалиялық жұлдыз бұл матчта мансабындағы 946-шы голын соқса, алғашқы голды Садио Мане енгізді.
Жарақатынан енді айыққан Бензема бұл матчта гол соға алмаса да "Әл-Иттихадты” қайтадан жеңістерге жетелеуді қалайды.