АҚҚУ, ШОРТАН ҺӘМ ШАЯН

07.08.2014, 01:56
АҚҚУ, ШОРТАН ҺӘМ ШАЯН
6Тақырыбымызды бұлайша атауымыздың себебі де бар. Өйткені, еуроккубоктік додаларда отандық төрт клубтан қалғаны үшеу. Ел чемпионы "Ақтөбе" Чемпиондар Лигасында ойнаса, ал Еуропа Лигасында қарағандылық "Шахтер" мен елордалық "Астана" футбол командалары қалды. Аталмыш үш клубтың тағдыры үш түрлі. Әркімнің өз жолы бар. Дегенмен мақсаттары ортақ. Яғни 3-айналымнан өтіп қана қоймай, Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигаларының топтық кезеңіне өту болып саналады. Бүгін отандық жанкүйерлердің назары Румынияда болмақ. Өйткені Владимир Газзаев командасы Бухаресте белгілі "Стяуамен" қарымта матчта кездесетін болады. Осыған байланысты батыс қазақстандық ұжымның биылғы маусымдағы хал-ахуалы мен бүгінгі ойынға қандай көңіл-күймен шығатынын байқап көрелік. Биыл еліміздің чемпионы атанған "Ақтөбе" футбол командасы кезекті рет Еуропа алаңдарын бағындыру мақсатында Чемпиондар Лигасындағы ойындарын бастап кетті. Ішкі біріншілікті әдетінше жақсы бастаған батыс қазақстандық клуб, маусым ортасында қатарынан 6-7 кездесуде жеңіске жете алмай дал болды. Тіпті 19-турда Алматының "Орталық" стадионында Владимир Никитенко шәкірттері "Қайратқа" 7-1 есебімен ойсырай ұтылғаны күні бүгінге дейін жанкүйер жадында. Сол матчтан кейін Никитенко өз еркімен отставкаға кетіп, ел чемпионы Чемпиондар Лигасы басталар тұста, орта жолда қалып қойғандай еді. Тіпті команда ойыншыларынан бөлек, "Ақтөбенің" жанкүйерлері біраз әбігерге түскен болатын. Алайда араға бірер күн салып, клуб басшылығы ресейлік жас маман Владимир Газзаевқа бас тізгінді ұстатады. Еурокубоктык додаларда ел намысын абыроймен қорғап қана қоймай, отандық клубтардың ішінде Еуропа алаңдарында ең көп ойындар өткізген батыс қазақстандық командаға жас маманды шақыруында қандай себеп бар? Тіпті бейресми ақпараттарға сүйенсек, "Ақтөбенің" соңғы кездері Премьер-Лигада төмен нәтиже көрсетуі әдейілеп Владимир Никитенконы орнынан кетіру үшін жасалған деседі. Сонымен қатар, Газзаевпен жарты жылдан бері астыртын келісім-шарттар жүргізілген. Дәл сол қысқы трансферлік маусым кезінде бұрындары "Алания" клубының капитаны Тарас Царикаев пен сол команданың шабуылшысы Данило Неконы да бекерден бекер алмаса керек. Ал Никитенконы қыста орнынан босату мүмкін болмаған. Өйткені өте мықты стратег маман 2013-маусымда "Ақтөбені" чемпион қылды. Хош делік. Клуб басшылары жаңа бапкерді шақыртты. Араға бір апта салып Чемпиондар Лигасы басталып кетті. Газзаевтың алғашқы ресми кездесуі Чемпиондар Лигасының 2-іріктеу айналымындағы Тбилисидің "Динамосымен" болған алғашқы матчтан басталды. Грузияның ең мықты ұжымына қарсы 55-мыңдық Борис Пайчадзе атындағы орталық стадионда "Ақтөбе" командасы 0-1 есебімен жеңіске жетіп, маңызды үш ұпайды олжалап кетті. Жаңа бапкер келе салып, жеңістен бастады. Кейбір мамандар бұл жеңісті кездейсоқтыққа балады. Араға апта салып "Қобыланды батыр" атындағы орталық стадионда алаң иелері грузиндерді 3-0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, келесі кезеңге өткен болатын. Міне осыдан бастап, мамандар да 34-жасар бапкерге сеніммен қарай бастады. Премьер-Лига ойындарында да ұпайлар еншілеп, қайтадан көш бастады. 3-айналымда Румынияның танымал клубы "Стяуамен" кездесетіні белгілі болғаннан кейін, румын баспасөз беттерінде "Ақтөбені" оңай қарсыласқа балаған. Әрине, екі клубтың жеткен жетістіктері мен бюджеті жайлы айтсақ, бухарестік ұжым анағұрлым жоғары тұрғаны айдан анық. Бірақ бар мәселе сатитистика жүзінде емес, іс жүзінде болатыны бар емес пе? Бірінші ойын Ақтөбеде болған. Біздің жігіттер алғашқы минуттардан бастап басымдықты қолдарына алып, қарсыластың айып алаңын билеп-төстей бастады. Алаңда кімнің қожайын екенін көрсетті. Шығыс еуропалық командамен терезесі тең ойнады. Алғашқы таймның соңғы минуттарында капитандық қызметті атқарған Сидельников Кешеру Клаудиудың соққысын жіберіп алды. Есеп 0-1. Үзілістен кейін алаң иелері алғашқы таймдағы қарқындарын одан әрі үдете түсті. Нәтижесі де жоқ емес. Кездесудің 58-минутында кезекті стандарттан кейін Валерий Коробкин есепті теңестірді. Әрине 1-1 есебіне қанағаттанбаған Газзаев шәкірттері тағы гол салуға тырысқан. Алайда қарымта шабуылдардың бірінде ойынның 78-минутында Препелицэ Андрейдің соққысы қорғаушылардың біріне тиіп, қақпашы доптың ұшу бағытынан жаңылысып, гол жіберіп алады. Бір сәт мысы түсіп қалған футболшыларымыз үлкен күшпен шабуылға шығып, абырой болғанда Роберт Арзуманян 88-минутта есепті теңестірді. Қорытынды есеп 2-2 нәтижесімен аяқталды. Мұндай көрсеткіш қонақтарға өте тиімді. Алайда Румынияда бұл матч қызу талқыға түскен болатын. Көпшіліктің пікірінше, "Стяуа" жеңіске жетуі керек екен. Олардың тең ойнауын жанкүйерлер мен мамандар трагедияға балап жатыр. Бірақ сонша мақтаған командасы осы болса, қарымта кездесуде неге жеңбеске? Өйткені олардың екі голы да кездейсоқ кірген доптар. Букмекерлік кеңселердің берген болжамынша да басымдық румындарда. Алайда "Стяуаның" әлсіз тұстарын байқадық. Әсіресе команда орталық шепте біршама сенімсіздеу ойнаған болатын алғашқы матчта. Оның үстіне Румынияда чемпионат күз-көктем жүйесі бойынша өтеді. Ал біздің біріншліктің нағыз қызған шағы. Физикалық әлеуеті де "Ақтөбеден" соншалықты керемет емес. Ең бастысы жігіттерге қорықпай ойнау керек. Оның үстіне "Ақтөбе" Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде ойнайтын уақыты келді. Қашан екені белгісіз, бірақ түбі топқа кіретіні сөзсіз. Бұл шаруа ресейлік маманның қолынан келе ме? Бар мәселе осында. Егер де сәтін салып биыл сенсация жасап, Чемпиондар Лигасына кіретін болса, онда барлығы Владимир Газзаевты мақтары сөзсіз. Әрине мақтауға тұратындай іс жасайды. Дегенмен, Қазақстанның 5-дүркін чемпиондарының жоғары деңгейге көтерілуіне себепкер болған Никитенко мен Газзаевтар емес. Бұл команданы еліміздің брендіне айналдырып кеткен Владимир Мұханов етін. Ал бүгіндері сол Мұханов бапкер Ресейдің 2-дивизионында "Химкидің" бапкері болып, чемпионатта 2013/14-маусымда 4-орын алған еді. Сол нәтижеден соң білікті бапкерді жұмысынан босатады. Айта кетейік, аталмыш чемпионат Ресейдегі деңгейі жағынан 3-орында тұрған біріншілік. Сондай мықты маман бүгінде өз елінде жұмыссыз жүр. Айтайын дегеніміз бұл емес. Айтпағымыз "Ақтөбе" футбол клубы және жанкүйерлері Мұхановты ұмытпаса екен. Ал біз бүгінгі "Стяуа"-"Ақтөбе" матчында отандық клубқа жанкйүер болайық! Руслан БАҚЫТЖАН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×