АҚШ Әділет министрлігі: "2011 жылы Путин Әлем чемпионатын өткізу құқығын сатып алғанын мойындаған"

11.12.2019, 19:14
АҚШ Әділет министрлігі: "2011 жылы Путин Әлем чемпионатын өткізу құқығын сатып алғанын мойындаған"

Ресейде өткен мундиальға қатысты тағы бір тың дерек.

Дәлірек айтсақ, бұл жолы Бельгия, Испания, Португалия, Нидерланд сынды елдердің арасынан неге Ресейді лайық көрді деген сауалға жауап табылғандай.

АҚШ-тың Әділет министрлігі 2016 жылғы құрама штаттағы президенттік сайлауға Ресейдің қалай ықпал еткені жайында АҚШ федералды іздеу бюросының (FBI) жұмысын жариялады.

Аталған 430 беттік материалда Ресейдің футболдан Әлем чемпионатын өткізуге қалай мүмкіндік алғаны жайында да айтылған. Онда 2011 жылы шілдеде британ барлау қызметіндегі агент Кристофер Стил сол кездегі президент Дмитрий Медведев пен Владимир Путиннің өзара әңгімесін ұсынған. Сөз арасында Путин ресейлік олигархтардың бірі ФИФА президентіне (сол кезде Йозеф Блаттер болған) қомақты "сыйақы" беріп, жаһандық футбол бәсекесін өткізуді сатып алғанын айтқан. Бұл туралы үзіндіні Sky Sport сайты жариялады.

Сондай-ақ, Стил 2012 жылы FBI -ға екі британ шенеунігінің Ресейдің әлем біріншілігін сатып алуға тырысып жатқаны туралы айтқан әңгімесін ұсыныпты. Сонымен қатар, есепте 2015 жылы маусымда Кремль шенеуніктерінің бірі мундиальды сатып алғанын мойындаған сөзі де келтірілген.

Айта кетейік, қазір Блаттер жемқорлықпен айналысқаны үшін 6 жыл спорттан шеттетілген. Ал УЕФА президенті болған Мишель Платени де 4 жыл футболдан аластатылып, 1.3 млн. фунт стерлинг айыппұл төледі.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×