"Ақтөбе" – отбасы

10.01.2019, 04:36
"Ақтөбе" – отбасы
Ресми тарихы 1967 жылдан бастау алған «Ақтөбе» футбол клубы - Қазақстанның бес дүркін чемпионы. 2005 жылы өз тарихында алғаш рет чемпион атанған команда үшін 2007-2013 жылдар да табысқа толы болды. 2016-2017 жылдары қаржылық мәселелер туындай бастады. Команданың бұрынғы аяқдопшыларының шағымдары қаралып, 2018 жылғы Қазақстан премьер лигасында «Ақтөбе» командасынан алты балл шегеріліп тастады. Тізім соңына түскен ақ-қызылдар 2018 жылды жетінші орында тәмамдады. Футбол - әрдайым бір орында тұрмайтын, құбылмалы ойын. Бір жылы басыңа бақ қонып чемпион болсаң, келесі жылы ол орыннан түсуің ғажап емес. Орынды сақтағың келсе - үлкен талап, қажырлы еңбек және «Ақтөбе» футбол командасының жанкүйерлері секілді «ақ-қызыл отбасың» болуы керек. «Ақтөбе түстеріміз ар-намысымыз, ешнәрсеге өзгермейді махаббатымыз» деп әндететін жанкүйерлердің өз клубына деген ыстық сезімі «Ақтөбе» турнир кестесінде 12-орында тұрған сәттерде де өзгерген емес. Матч «Қобыланды батыр» стадионында немесе өзге қалаларда қонақта болса да ақ-қызылдардың «Зига-загасы»  барлық стадионды дүр сілкіндіреді. Қазақстан премьер лигасының соңғы 32-тур ойынына жанкүйерлер осындай жазбамен келген болатын: Ойлан, қазақ футболы, Шетелге қанша ақша кетеді. Жергілікті жастарға Бес теңге де жетеді. Қаржылық мәселелерге байланысты легионерлер саны азайып, жергілікті аяқдопшылар негізгі құрамға шақырылған болатын. Жанкүйерлер ұраны жергілікті қазақ ойыншыларына деген сенімді анық білдіріп тұр. «Ақ-қызыл» жанкүйермен сұқбат - Сәлеметсіз бе? «Ақтөбе» футбол клубына қай уақыттан бастап жанкүйер болып келесіз? - Қайырлы күн! Ең алғаш рет футболға әкем кішкентай күнімде алып барған болатын. Қай жылы, кіммен, не болды тіпті түсінбедім. Ес білгелі көрген алғашқы ойыным 2007 жылғы «Атырау» командасымен болған кездесу. 83-минутта С.Рогачев салған гол арқылы 1:0 есебімен жеңгеніміз әлі есімде. Сол кезден бастап жанкүйер болып келемін. - Не үшін «Ақтөбе» футбол клубы? - Өзімнің туған жерімнің командасы болғасын. Қазіргідей әлеуметтік желілерден нәтижелер мен мықты ойыншылар кімде екенін қарап алып емес, шынайы махаббатпен, өз команданды ешнәрсеге қарамастан қолдау үшін. - «Ақтөбе»  осы жылы кестеде 12-орында тұрған кездегі сезіміңіз?        - Қиын болды. Оған ойыншылардың кінәсі болған жоқ. Жігіттердің берілмегеніне ризамыз. Біздер де стадионды лық толтырып, ең мықты жанкүйерлер қай жерден екенін тағы бір мәрте дәлелдедік. - Қызықты бір сәтті айтып өтсеңіз? - 2014 жыл. Көктемде орталық стадион дайын болмағасын, ойын 3000 адамдық қосалқы стадионда өтетін болды. Кездесу тағы да «Атыраумен». Орын алу үшін 1,5 сағат бұрын шығып кетіп, жауынның астында қалдық. Стадион су, жанкүйерлер де судың астында қалған. Қанша тоңып тұрсақ та, «Ақтөбенің» 3:0 есебімен жеңгеніне қуанып, мәз болып кеткенбіз. - «Ақ-қызылдар» өзге жанкүйерлерден несімен ерекшеленеді? - Біріншіден, адалдығымен. Жанкүйер болып келе жатқаныма 12 жыл болды.  Қай қалада жүрсек те өз командамызды қолдауға әрдайым барамыз. Екіншіден, соңғы минуттарға дейін қолдау бірдіретіндігімен. Көптеген ойындарда жанкүйерлер командасы ұтылып жатса, орнынан тұрып кетіп жатады. Біздер ойын аяқталған соң, командаға рақмет айтып, «зигалап» кетеміз. Қазақ футболының үздіктерінің бірі Самат Смақов «Ақтөбені» көтеріп, алтыншы рет чемпион болатындарына «ақ-қызылдар» сенеді. Ал сол уақытқа дейін олардың «махаббаты ешнәрсеге өзгермейді».

Ырысты ҚАДІРБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Салах тағы да үздік
Серіктес жаңалықтары
×