Футболдан ел біріншілігіндегі ең мықты ұжымдардың бірі – «Ақтөбе» өзінің негізгі стадионы саналатын Орталық алаңда тек маусым айында ғана өнер көрсете алады. Себебі, ол уақытқа дейін стадионның жасыл желегі ауыстырылып, футбол алаңы жөндеу жұмыстарынан өтеді, деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы.
Апта басында «Ақтөбе» футбол клубының футболшылары, басшылары және клуб өнер көрсететін Орталық стадионның директоры облыс әкімімен жолықты. Жиын кезінде әкім «Ақтөбенің» бұл маусымдағы мақсаттарын айтып, ұжымның алдына нақты тапсырмалар қойды. Одан кейін Архимед Бекежанұлы клубтың өз алаңындағы матчтарды қабылдайтын Орталық стадионның директоры Қажымұхан Демеуовпен әңгімелесіп, стадионның жағдайы туралы сұрады.
Орталық стадион директорының айтуына қарағанда, «Ақтөбе» футболшылары бұл алаңда тек маусым айында өнер көрсете алады екен. Себебі, ол уақытқа дейін алаңның көгалы ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүреді.
Сондай-ақ Қажымұхан Демеуов Орталық стадионға енді Мәскеу түбінен әкелінген арнайы көгал төселгенін айтты. «Диапазон» порталы таратқан мәлімет бойынша, бұл жөндеу жұмыстарына 78 миллион, нақты айтсақ 77 797 000 теңге кетеді екен. Оның 65 миллионы енді орнатылатын жаңа жасыл желекке кетсе, қалған бөлігі салық және тағы басқа керек-жарақтарға жұмсалады.
Негізі, Ақтөбедегі Орталық стадионға бұған дейін Волгоградтан тапсырыспен алынған көгал төселген болатын. Бірақ, әлгі төселген жасыл желектің астынан су жіберу мүмкін болмай, аз ғана уақыттың ішінде жарамсыз болып қалған. Енді Орталық алаңға Мәскеу түбінен арнайы басқа жасыл желек әкелінбек екен.
Біреудің қалтасындағы ақшаны санау дұрыс емес екенін білеміз. Дегенмен бұл жұмысқа халықтың ақшасы кетіп жатыр ғой. Әрі аз қаржы емес. Тек алаңға төселетінн көгалдың өзіне 65 миллион теңге бөлініпті. Оның үстіне Мәскеуден келетін көгалдың сапасын да білмейміз. Оның да екі жылдан кейін жарамсыз болып қалуы әбден мүмкін ғой?!
Бүгінде Еуропаның көптеген елдері стадиондарына Голландияда өсірілген көгалдарды төсеп жатыр. Мамандардың айтуына қарағанда, сапасы да жақсы көрінеді. Ақшасы да қымбат емес. Орталық стадионның басшылары шөпті Ресейден емес, Еуропадан алдыртып көрсе қалай болады?
Соңғы кездері «Ақтөбе» клубы ресейлік командаға айналып кеткен секілді. Бапкер мен ойыншыларды былай қойғанда, маусым басында бұл клуб баспасөз қызметіне Ресейден маман шақырамыз деген еді. Абырой болғанда, бұл облыстан да жұмысты жүргізе алатын маман табылып, клубтың баспасөз қызметін өз қолына алды.
Енді міне клуб Ресейден жасыл желек әкелуге бел буыпты. Әрине, біздің оған еш қарсылығымыз жоқ. Тек стадион сапалы болса болды. Бірақ қымбаттау емес пе?! Клуб менеджменті бұл саланы егжей-тегжей зерттеді ме? Еуропадан арзан көгал табылмады ма екен?
«Алаш айнасы» интернет-порталы.