«Ақжайық» бөлінген бюджетті ақтамады

Оралдың командасы биыл премьер-лигадағы орнынан айырылып қалатын сыңайлы.
«Ақжайық» бөлінген бюджетті ақтамады

Қазақстан біріншілігі басталған тұста «Ақжайық» командасы биыл тәуір нәтиже көрсететін шығар, себебі облыстық бюджет қыруар қаржы бөлді ғой деп ойладық. Жанкүйерлер де сондай пікірде еді. Алайда, барлығы басқаша болды. «Ақжайық» қазір 13-торында. Премьер-лигада жалпы өзі 14 қана команда бар. Соңынан санағанда екінші тұрған «Ақжайықтың» ойыншылар құрамына көз жүгіртсек, таң қаламыз. Барлығы кілең легионерлер. Бас бапкері де украиналық маман.

Батыс Қазақстан облысының бетке ұстар командасының екі қақпашысы да сырттан келген. Сонда жергілікті футбол мектебі 1 қақпашы тәрбиелей алмағаны ма? қорғаушы Виталий Приндета украина футбол мектебінің түлегі. Ол 11 ойында алаңға шықты. Алайда, осы ойыншының орнына жергілікті жас футболшыны шығарса да, «Ақжайықтың» нәтижесі өзгере қоймас еді. Одан кейін жасы 33-ке келген Сергей Шустиков деген қорғаушы бар. Ресейлік аяқдопшының шеберлігі жоғарғы деңгейде деп айтатын адам болса бізге тікелей хабарлассын.

Жартылай қорғаушы Мате Црнцевичті «Ақжайық» қандай мақсатпен өз қосынына қосып алғаны қызық. Бұл ойыншы негізі «Ақтөбемен» келісім-шартқа отырған. Маусым басында «Ақжайық» оны жалға алды. Хорватиялық футболшы алаңға 5 рет қана шықты. Себебі, деңгейі өте төмен. Тіпті жергілікті футболшылардан да төмен. Шамасы кәсіпқой футбол ойнамаған ойыншы болуы да ғажап емес. Ал енді грузиялық шабуылшы Лука Имнадзе туралы айтайық. Сәл тырысып, алаңға шығып, командаға көмектескісі келіп жүрген ойыншы деп айтуға болады. Бірақ, көрсеткіштері өте төмен. Шабуылшы 11 ойында 1 гол салса бұл жақсы ма, жоқ әлде жаман ба? Сосын, қызуқандылыққа салып 5 сары қағаз алған. Тәртібі тіпті керемет деп айта алмаймыз.

Осындай ойыншыларды жинаған Владимир Мазяр украинада абыройы бар бапкер емес еді. Оны қызметке шақырған клуб басшылығы сонда футболдан хабары аз болғаны ғой. Айтпақшы, клуб басшысы Азамат Шайхы деген кісі бұрын күреспен айналысқан маман екен. Ол жайында еліміздегі бірнеше баспасөз беттері жазды. «Ақжайық» соңғы 7 турда жеңіске жеткен жоқ. Соңғы рет олар 24 сәуір күні «Шахтерден» басым түсіпті. Осыншама мерзім бас бапкерді ауыстырмаған, е болмаса клуб басшысын ауыстырмаған әкімдіктің де футболда шаруасы жоқ деген сөз ғой. Әлде, Ғали Есқалиевтің басқа ойлағаны бар ма екен?

Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×