Қазақстан премьер-лигасындағы он екі команда 9- турдың кездесулерін өткізді. Көш басындағы «Ақтөбе» бұл жолы да ұпайдан шашау шығармай, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Ал футболшылардың жалақысын кешіктіргені үшін «Жетісу» мен «Ақжайық» клубтарының әрқайсысы федерацияның шешімімен ұпайларынан айырылды. «Ақтөбе» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдаған болатын. Бұл кездесуде қатарынан сегіз тур бойы ұпай жоғалтып келе жатқан қостанайлықтар аянып қалмады. Нұрбол Жұмасқалиев бастаған қонақтар бірінші кезекте алаң қожайындарының тегеурінді шабуылдарына тойтарыс беруге ұмтылды. «Тобылдың» бапкері Сергей Масленов осы кездесудің қарсаңында «Ақтөбеде ұпайсыз қалсақ, қызметімнен кетемін» деп мәлімдеген еді. Бәсекенің тек алаң жиегіндегі емес, барша қазақ жанкүйерлері мен мамандарының назарын ерекше аударуына бапкер сөзі де әсер етті. Обалы не керек, қонақтар көш басындағы ұжымнан ұпай тартып алуға шақ қалды. Бірақ кездесудің 38- минутында Марат Хайруллин соққан жалғыз гол ойын тағдырын шешіп кетті. Қатарынан төртінші рет жеңіске жеткен «Ақтөбе» 9 ойында жинаған 21 ұпайымен өзгелерден едәуір ұзай түсті. «Тобылдың» еншісінде 6 ұпай бар, турнир кестесінің 10-сатысында келеді. Теміртауда еліміздің екі дүркін чемпионы «Шахтер» Алматының «Қайратын» қабылдап, үш ұпай олжалады. Бұл бәсеке де өте тартысты өтті. Тіпті кездесуден кейін екі команданың бас бапкерлері өз пікірлерін қызу білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің айызын қандырды. Ойын 2:1 есебімен аяқталған болатын. Алдымен қарағандылықтар мергендік танытып, Андрей Финонченконың голымен алға шықты. Одан кейін Сергей Хижниченко қонақтар қақпасына екінші допты енгізді. Алматылықтар Тимур Байжановтың көмегімен есеп айырмасын қысқартты, бірақ ойынды құтқарып қала алмады. Матч соңынан «Қайраттың» бас бапкері, словакиялық маман Владимир Вайсс кездесуді көңілдегідей өткізуге алаңның сапасы мен төрешілер кедергі еткенін мәлімдеді. Бұл сөз «Шахтердың» бас бапкері Виктор Кумыковтың шамына тиіп, ол да өз ойын ашып айтты. 9 кездесуде 13 ұпай еншілеген «Шахтер» 3-орынға көтерілді, ал «Қайрат» 12 ұпаймен 5-сатыда тұр. 2-орынға жайғасқан «Астана» Оралда ұпай жоғалтты. Жергілікті «Ақжайыққа» қарсы тұрған елордалықтар кездесудің соңына таман таразы басын теңестірді. Қызыққа толы бәсекенің 31-минутында Павел Черны есеп ашып, алаң иелері алға озды. Дегенмен екінші кезеңнің басында Таңат Нөсербаевтан пас алған Ұлан Қонысбаев есепті теңестірді. Мергендер көшін бастап келе жатқан Игорь Зенькович осы турда да мергендік танытып, ойынның 55-минутында жергілікті жанкүйерді мәз-мейрам етті. Әйтсе де намысқа тырысқан қонақтар кездесудің соңына таман таразы басын теңестіріп кетті. Ұлан Қонысбаевтың пасын Дамир Кояшевич ұтымды пайдаланған болатын. Осы турдан кейін «Астананың» ұпайы саны – 17-ге жетті. «Ақжайық» федерацияның шешімімен алты ұпайынан қағылып, соңғы орында келеді. «Атырау» командасы да күш ала бастаған сыңайлы. Мұнайлы өлкенің ұжымы Талдықорғанда «Жетісудан» үш ұпай тартып алды. Қонақтар шешуші голды 90-минутта соғып кетті. Жоғарыда айтқанымыздай, ойыншылардың жалақысын уақытында төлемеген «Жетісу» клубы да үш ұпайдан айырылды. Қазір бұл ұжым 5 ұпаймен 11-орында тұр. «Ертіс» те біртіндеп ұпайын түгендей бастады. Кереку өңірінің командасы 9-турда «Таразды» қабылдап, 1 – 0 есебімен басым түсті. Соның арқасында «Ертіс» 12 ұпаймен «Қайратты» қуып жетті, турнир кестесінің 6-сатысына нық жайғасты. Шалқар ЕСТЕН |
Біздің серіктес: FONBET