Аргентина әлем чемпионы, Месси ұлы футболшы!

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
19.12.2022, 07:19
2022 жылғы Әлем чемпионаты аяқталды. Бір ай бойы жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген жарыс Аргентинаның жеңісімен аяқталды.
Аргентина әлем чемпионы, Месси ұлы футболшы!

Финалдық матч Аргентинаның басымдылығымпен басталды. Матч төрешісі Шимон Марчиняк 23-минутта пенальти белгіледі. Анхель Ди Марияны итеріп қалған Осман Дембеле ойын тәртібін бұзды. Леонель Месси 11-метрлікті мүлтіксіз орындап, голға айналдырды. Одан кейін Аргентина қорғанысқа ден қойып, тек қарымта шабуылдар ұйымдастырып отырды. Соның бірінде Анхель Ди Мария қақпашының алдына келіп тамаша пас алды. Сүйтіп әдеттегідей финалдық матчта гол салды. Бұл жартылай қорғаушы үнемі ірі матчтарда көзге түсіп жүреді.

Екінші таймда Франция бас бапкері Дидье Дешам бірнеше өзгерістер жасап, Франция құрамасы түрлене кетті. 80 минуттарда шабуыл күшейіп, Киллиан Мбаппе пенальти тебу құқығына иі болды. Франция шабуылшысы осы Әлем чемпионатындағы 6-голын салды. Артынша тағы бір шабуыл ұйымдастырылып, Киллиан керемет соққымен таразы басын теңестірді. Есеп 2:2. Айналдырған 90 секундтың ішінде француздар ойынды теңеп тастайды деп ешкім ойламаған еді. Ойын 2:2 тең аяқталып, матч экстра-таймға ұласты.

Алғашқы 15-минуттық тайм еш нәтиже бермеді. Ал екіншісінде Аргентина ғаламат шабуылдың арқасында қайтадан алға шықты. Лаутаро Мартинестің ауыр соққысын қайтарған Уго Льорис допты дәл Мессидің аяғына салып берді. Лео еш қателескен жоқ. Уақытты созып, есеп басымдығын ұстап қалуға тырысқан Аргентина айып алаңының ішінде тәртіп бұзды. Доп ойыншылардың бірінің қолына тиіп кетті. Тағы да пенальти. Киллиан Мбаппе финалда хет-трик жасаған екінші ойыншы ретінде тіркелді. Сонымен қатар осы Әлем чемпионатындағы 8-голын салды. Өткен жолғы Әлем біріншілігінде ол 4 гол салған еді. Енді жалпы сомада оның еншісінде 12 гол бар. Ал Әлемдік рекорд неміс шабуылшысы Мирослав Клозенің еншісінде. Ол 16 гол салған. Демек, келесі әлем чемпионатында Мбаппе оны басып озуы әбден ықтимал.

Матч тағдыры пенальтилер сериясында анықталып, онда аргентина қақпашысы Эмелиано Мартинес Кингсли Команның пеналтиін қайтарды. Ал Орельян Тчуамени қақпадан қиыс тепті. Аргентина құрамасының қорғаушысы Гонсало Монтиэль гол салып, есеп 4:2 болып аяқталды. Жеңіс, Аргентинаға бұйырды.  

Сонымен, Леонель Месси бірінші рет Әлем чемпионы деген атақты жеңді. Бұл 35 жастағы аргентиналықтың соңғы біріншілігі еді. Роналдуға бұйырмаған бұл кубок, Леоның қолына түсті. Футбол тарихына атын алтын әрңптермен жазған аргентиналықты күллі әлем футболы мойындады. 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×