Аргентина Америка Кубогіндегі алғашқы матчында Чилимен тең ойнады

15.06.2021, 13:21
Аргентина биыл да трофейсіз қалуы мүмкін.
Аргентина Америка Кубогіндегі алғашқы матчында Чилимен тең ойнады

Рио-де-Жанейродағы (Бразилия) «Олимпико Нилтон Сантос - Энженьян» стадионында Аргентина мен Чили құрамалары арасындағы Америка Кубогінің бірінші турының матчы өтті. Кездесу тең есеппен аяқталды - 1:1.

Есепті кездесудің 33-минутында Аргентина капитаны Лионель Месси ашты, ол тікелей айып добынан гол соқты. Бұл "Барселона" шабуылшысының Аргентина құрамасындағы 39-шы голы (ресми матчтарды ғана есептегенде). Осылайша Месси 38 гол соққан Габриэл Батистутаны артқа тастады.

57-минутта Чили шабуылшысы Эдуардо Варгас таразы басын тең қылды. Аргентина қақпашысы Эмилиано Мартинес Артуро Видальдің пенальтиден жасаған соққысын қайтарды, ал кері серпілген допқа Варгас бірінші болып жетіп, ашық қақпаны дәл көздеді.


Осылайша, Аргентина мен Чили турнирдегі алғашқы ұпайларын қоржынына салды. Қос команда әлі Парагвай, Боливия және Уругваймен кездесуі қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×