Аргентина Бразилияда чемпион? Бәрі мүмкін...

09.06.2014, 04:47
Аргентина Бразилияда чемпион? Бәрі мүмкін...
Мейлі, Аргентина 1986 жылдан бері әлемнің алтының көрмесе де, жанкүйерлер оларды әрқашан дүбірлі доданың фавориттерінің бірі  санаудан жалыққан емес. Бұл жолы да солай. Мүмкін бұл жолы, бұл жылы үмітті ақтар. Аргентина Бразилияда алтыннан алқа тақса, бұл бір эпос қой. Солай емес пе?  Соңғы екі әлем чемпионатына үңілсек, Аргентинаның жолын екі мәрте немістер бөгеген. 2006 жылы Германиядағы тартысты ойында  пенальтиден ғана есе жіберсе, 2010 жылы Оңтүстік Африкадағы 0-4 есебімен "масқара жеңіліс". Негізі, Бразилияда Аргентина үшін топтан шығу қиынға соқпауы керек. "F" тобында Сабелья баптайтын жігіттердің  қарсыластары Босния, Нигерия және Иран ұлттық құрамалары болмақ. Чемпионат барысында бас жаттықтырушы бар мәселені шабуыл арқылы шешуге тырысары хақ. Себебі, Аргентинаның шабуыл өтінің мықтылығы сонша, Аргентинадан басқа кез келген құрамада дерлік, ойып тұрып орын алып кете алар, осы маусымдағы Италия А сериясының үздік ойыншысы Карлос Тевес әлем чемпионатынсыз қалды. Сабелья шабуылда Месси, Игуаин, Агуэро, Ди Мария секілді футболшыларға басты үмітті артады. Екінші деммен алып кететін Лавесси бар. Құдды бір "мега-космос" шабуыл дерсіз. Бірақ, осы Аргентина мен "Барселона" белгілі бір түрде ұқсайды. Әрине, жеке пікір, жеке көзқарас. Шабуыл қаншалықты мықты болса, қорғаныс соншалықты осал. Оң қанаттың қоғаушысы Сабалетадан басқа, мықты, тұрақты ойын өрнегін көрсетер ойыншы сенімді түрде атап көрсету қиын. Орталық қорғаушылар Гарай мен Фернандес жақсы жұп-ақ, бірақ, испандықтардың Рамос-Пикесі, бразилиялықтардың Тиагу Сильва-Давид Луиздерімен салыстыруға келмейді. Оң қанатқа уақытында мәскеулік "Спартактың" негізгі құрамынан орын ала алмаған Маркос Роха жауап береді.  Қақпашылардың да жағдайы мәз емес. Сабелья сенім артқан Ромеро бір сәтте команданы құтқаруы да мүмкін, бір сәтте жерлеуі де мүмкін. Сондықтан Месси бастаған шабуыл артиллериясының біраз тер төгуіне тура келеді. Месси екі әлем чемпионатына қатысып, екеуінде де жолы болмағаның білеміз. Егер, 2006 жылғы Германия жерінде болған додадағы Мессиді үлкен футболға енді-енді аяқ басып келе жатқан "бала Месси" десек, 2010 жылғы Африкадағы сәтсіздікті түсіну қиын. Түсіндіруге болады. Мессиден осыған дейін ұлттық құрамада қанына жат дүниені талап етті. Яғни, негізгі шабуылшы рөлінде ойнау. Ал, Сабелья сол Марадонамен салыстырғанда эксперимент деген дүниені көп қолдана бермейді. Мессиді сүйікті оң қанатына қойды. Нәтиже де көзге ұрып тұр. Іріктеу кезеңде, 10 рет қарсыластың қақпашысын қапыда қалдырған. Айтылғандай, негізгі шабуылшы Гонсало Игуаин болмақ. Ал, сол қанатта оған Агуэро көмектеспек. Оң қанат түсінікті. Үштіктің мәселесі шешілді.  Ал, Ди Мария қайда ойнамақ? Сабелья бұның да шешімін тапты. Біз осы маусымда Анхелды Реалдың сол қанатында көріп үйренгенбіз. Жалғыз өзі, финалда Атлетико қорғанысың оң қанатын "тескені" де есімізде. Бірақ, Бразилия жеріңде Аргентина 4-3-3 схемасымен ойнаса, 3 жартылай қорғаушының бірінің рөлін атқарады. Яғни Мессиден бір табан артта. Аргентинаның жеңісінің кілті Сабельяның шабуыл-қорғаныс арасындағы үзілмейтін байланыс табу-таппауында. Егер тапса, барселонаша айтқанда бәрі-бәрі "тики-така" болмақ.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×