Арландар футбол клубының қоғам алдындағы (мемлекет, үкімет алдындағы емес) еркін есебі

13.04.2023, 01:56
Арландар футбол клубы өз қаржылық есебінен Қазақстан футболын дамытуда еңбектеніп келеді.
Арландар футбол клубының қоғам алдындағы (мемлекет, үкімет алдындағы емес) еркін есебі

Футболдың фундаменті балалар футболын дамытуға өз жоспары бар: Португалияның футбол академияларына Қазақстан балаларын жіберу секілді. Неге Португалия? Себебі Португалия – балалар футболы бойынша рейтингте әлем бойынша үздік үштікке кіретін ел.

2022 жылы Арландар футбол клубы өз қаржылық есебінен, Қазақстан бойынша футболдан іріктеулер жасап, талантты балаларды жинады. Астанада, Шымкентте оқу жаттығу жиындарын өткізіп, Португалияға дайындықтарын пысықтады.

Қазақстан бойынша іріктеулерден өтіп, клубтың ішкі тәртіптері мен ережелеріне сәйкес келеді деген 12 баланы 2023 жылдың 01-09 сәуір аралығында Португалияға жолдады. Алға 2 мақсат қойылған еді:

1. Порту аймағындағы халықаралық Биспортс футбол академиясына оқуға түсу үшін байқаулар мен емтихандарына қатысу.

2. Португалияның Понта-Делгада қаласында өтетін 15 Халықаралық Азореш турниріне қатысу.

Алға қойылған екі мақсатта толығымен орындалды.

Биспорт халықаралық академиясының байқаулары мен емтиханы кезінде жататын орны мен тамағын академияның өзі төледі, яғни академияның кампусында балаларымыз тегін жатты. Бұл академия шын мәнінде талантты балалар іздеп жатқанын, балаларға ұсынып отырған тегін қызметтерінен байқауға болады. Байқау өткізу үшін өте көлемді қаржы кетеді. Одан бөлек: пасха каникулы кезінде демалыста жүрген барлық мамандарды шақыру, ол да бір мәселе. Соған қарамастан тікелей трансляция кезінде журналистерді тартып, кемінде 10 шақты мамандар балаларды көру үшін жұмыс басында жүрді. Байқаудың соңғы қадамы ретінде Хэллоу кап турнирін ұйымдастырды. Балаларымыз осындай ауқымды төгілген маңдай терді жерге тастамай, турнирдің кубогын ұтып алды. Бұл байқаудың коммерциялық мақсатта емес екенін осыдан ақ байқауға болады.

Одан кейін Понта-Делгада қаласында өткен халықаралық жарысқа қатысты. Жалпы бұл жарыстың деңгейін, әлемдік масштабтағы Италияның Парма, Португалияның Спортинг секілді клубтарынан қатысқан командаларға қарап білуге болады. 10 елден мықты деген 24 команда қатысты. 7 ойын ойнап, 2 жеңіліс, 5 жеңіске жетті. Нәтижесінде 24 команда ішінен 7-орын алды.

Бұл турнирде балаларымыз теңдессіз тәжірибелер жинады. Алаңға шығу тәртібінен бастап, ойын біткеннен кейінгі тәртіптері мен ережелерін, сондай ақ әлемдік деңгейдегі жоғары футбол мәдениетін үйреніп келді.

Осы аталған байқаулар мен турнирлер туралы ақпараттар барынша ашық болды. Ата аналары мен туыстары тікелей эфирден ойындарын көрді. Матчтың видеолары Биспорт футбол академиясы мен 15 халықаралық Азореш турнирінің ютуб каналдары мен фейсбук парақшаларынан қайта көруге болады. Барлық ақпараттар интернетте сақтаулы. Барлығы ашық, айқын өтті.

Қазақстан футболының аянышты жағдайы туралы білмейтіндер, балаларымыздың жетістігін бағаламайды. Ол түсінікті. Сондықтан қысқаша ақпарат берейін: Жалпы Қазақстанның балалары ешқандай стандартқа сай дайындалмайды. Дайындалған емес. Ортақ методика жоқ. Қай бағытта дамимыз, қалай дамимыз деген сұрақтарға жауап жоқ. Мысалыға Португалияда әр жастағы балалардың футбол алаңдарының өлшемінен сай алаңда ойнайды. Ал бізде табылған алаңға сай футболшыларымыздың санын анықтап дайындаймыз. Ішкі детальдарын айтпай ақ, қарапайым алаң мәселесін айтайын. Мысалыға, стандартқа сай натуралды газонда өмірде ойнамаған кешегі барған балаларымыз, алғаш рет Португалияда ойнады. Көбісі стандартқа сай емес жасанды газонда ойнаған, тіпті футзалдың паркетінен басқа зал көрмеген балалар да болды. Осы секілді толып жатқан проблемаларды айтар болсақ, том том кітап болады. Сондықтан, ешқандай жағдайы жоқ, стандартқа сай ешқандай футбол жаттуғуын көрмеген балалардан үлкен жетістік күту дұрыс емес. Сол үшін де 30 жыл бойы Қазақстан әлем сахнасына 1 футболшы шығара алған емес. Себебі егілмеген егіннен жеміс күту ақымақтық. Сол үшін де біз алдымызға, Португалияда футболшылар дайындауды мақсат етіп қойдық.

Жалпы Португалия іс-сапары туралы пікіріміз өте жақсы, жоғары деңгейде өтті. Көңілге медеу боларлығы: бұл халықаралық турнирге Қазақстаннан алғаш рет команда қатысып отырғандықтан, тулардың арасына Қазақстан туы арнайы тігілді. Біз ұлттық құрама болмасақ та, бізге деген шексіз құрметі ретінде Қазақстанның әнұраны ойналды. Балаларымыз жүлделі орын алмаса да португал халқының жүрегінен орын алды. Оны трибунадағы халықтың ыстық ықыласына қалай бөленгенін видеолардан көруге болады. Ары қарай жоспарымыз бар. Сол бойынша жұмыстарымызды жалғастырамыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×