Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Арно Пайперс Ұлттар лигасының С дивизионындағы жеребе қорытындысына қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Қазіргі уақытта Эстония құрамасының жаттықтырушылар штабында қызмет етіп жүрген Голландиялық маманның айтуынша, Қазақстан түскен топ Эстония құрамасының өткен іріктеу кезеңіндегі қарсыластарына өте ұқсас. Пайперс топтағы әр командаға жеке тоқталып, мүмкіндіктерді саралады:
– Словакия: Топтағы ең мықты әрі қиын қарсылас. Дегенмен, Пайперс Қазақстан құрамасы өз алаңындағы матчта Словактарды жеңіп, маңызды ұпай еншілеуге қауқарлы екенін атап өтті.
– Фарер аралдары: Бұл командамен ойында басты қиындық — алыс жол мен ұзақ ұшу сапары. Бірақ турнирлік кестеде ілгерілеу үшін аралдықтарды міндетті түрде жеңу қажет.
– Молдова: Өткен маусымда бірқатар қиындықтарды бастан өткерген бұл құрамамен де оң нәтижеге қол жеткізуге болады.
Арно Пайперс Legalbet.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан құрамасының бүгінгі әлеуетін жоғары бағалап, турнирден үлкен үміт күтетінін жеткізді.
"Қазақстан үшін бұл — өзін көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Сәтті ойын көрсетіп, дивизионда жоғарылауға, яғни класын көтеруге толық негіз бар.” — деді бапкер.
Маманның пікіріне сүйенсек, дұрыс тактика мен өз алаңындағы басымдықты пайдалану арқылы Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының келесі сатысына жолдама ала алады.