«Қайрат» жартылай қорғаушысы Валерий Громыко «Арсеналға» қарсы өткен ойынды түйіндеп, әсерімен бөлісті.
Сондай-ақ, алматылық клубтан кететінін мәлімдеп, жанкүйерлермен қоштасқан болатын.
«Иә, тарихи матч болды. Бізді қолдауға көп жанкүйер жиналды.Бүгінгі ойынымызбан оларды қуанта алдық деп ойлаймын. Ал жалпы жақсы ойын өрнегін көрсете алдық деп есептеймін. Маған салса, «Арсенал» дәл қазір әлемдегі ең үздік команда. Сонда да біз тәуір ойнадық. Жоқ, мен осыған дейін де айтқам, мұнда қалмаймын. Біздің жолымыз екіге айырылады. Солай болды, «Қайраттың» өзі жолы бар, менің өз жолым бар. Біз бір-бірімізге жүріп өткен жолымыз үшін ризамыз, сондай бір тарихтың бөлшегін жаздық. Бірге жұмыс істегенімізге қуаныштымыз», - деді В. Громыко.
Беларусь жартылай қорғаушысы «Қайрат» жейдесінде 2024-жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Былтыр Громыко алматылық клуб сапында 24 кездесуде 4 гол мен 7 ассист тіркеді. Ал ЧЛ-да 15 ойында 1 гол мен нәтижелі 2 пастың авторы атанған. Футболшының қай командаға баратыны әзірге белгісіз.