Арслан Беспаев: Менің негізгі мақсатым «Астана» командасының қазіргі қордаланған мәселелерін шешу

24.02.2023, 03:32
Түркиядағы оқу-жаттығу жұмыстары кезінде біз «Астана» футбол клубының басшысы Арслан Беспаевпен сұқбаттастық.
Арслан Беспаев: Менің негізгі мақсатым «Астана» командасының қазіргі қордаланған мәселелерін шешу

-       Арслан футбол журналистикасында жүргеніме біршама жыл болды. Бірақ, Сізді осы жақында ғана таныдым. Бұрын қайда жұмыс істегенсіз?

-       Мен осы «Астана» футбол клубында ұйымдастыру жұмыстарымен айналыстым. Мысалы, футболшылардың жейдесі, стадион мәселесі, жаттығу алаңдары секілді жұмыстарды істедім. Оған дейін Алматы қаласы, Батыс Қазақстан облысы әкімшіліктерінде қызметте болдым. Кейіннен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында жұмыс істедім.

-       «Ракувке» қарсы матчқа «Астана» командасы 4 сағат қалғанда жетті ғой. Логистика мәселесі туындады. Сіз ол кезде ұйымдастыру жұмыстарымен айналыспадыңыз ба?

-       Жоқ мен 2022 жылдың ақпан айында жұмыстан шығып кеттім де, кейін жылдың соңында қайта жұмысқа шақырту алдым. Бұл оқиғаға менің еш қатысым жоқ.

-       Сіздің ағаңыз Алматы облысында прокурор екені рас па?

-       Иә, туған ағам прокурор. Бірақ, оның менің жұмысыма еш қатысы жоқ.

-       «Астана» қыруар қаржысы бар ірі клуб. Талай жыл еурокубокте атой салды. Алайда, қазір өзінің базасы жоқ. Академиясы жоқ. Олар былай тұрсын қарапайым өзінің кеңсесі жоқ. Осы мәселемен айналысу ойыңызда жоқ па?

-       Бұл жұмыстардың барлығын қолға аламыз. Команда құрамын түгел жасақтап алайық, сосын осы шаруаларға кірісемін. Мен оған уәде беремін. Қазір мысалы, әкімшіліктің сәулет бөлімімен жұмыс істеп жатырмыз. 5 гектар жердің үшеуін бізге ұсынды. Қазір біз таңдап жатырмыз. Содан кейін үрлемелі манеж бен жасанды алаңның құрылысын бастаймыз. Оған дейін геодезиялық жұмыстары бар. Шамамен 2025 жылға қарай осы кешенді соғып бітуіміз керек. Бұл академияда, база да емес денешынықтыру және сауықтыру кешені іспетті болады.

-       «Астана» клубының балансында ешқандай ғимарат жоқ. Екі автобус, бір хайспен ғана шектелген. Өзінің жеке ғимаратын салмаған. Әр жерде көшіп-қонып жүре береді. Еуропадағы командаларға қарасаң өзінің логотипі бейнеленген ғимараты болады, ішінде қызметкерлері отырады. Бірінші қабатында музейі мен фан-шобы болады. «Астанаға» осы жағын қарастыру ойда жоқ па?

-       Айтпақшы, 11 жыл бойы қызмет еткен хайсты жаңарттық. Ғимарат бойынша дәл қазір ештеңе айта алмаймын. Мен уәде берсем ертең оны істей алмасам ұят болады. Сондықтан уақыты келген кезде барлығын көресіздер. Мен «Астана» футбол клубына өзімді көрсету үшін келіп отырмын. Жасым 32 де. Қызмет жолында бір жетістікке жетуді көздеймін.  

-       «Астана» футбол клубының ең үздік трансфері ретінде Дембо Дарбоны айтып жатыр. Бұл шабуылшының командаға келуі қалай жүзеге асты.

-       Біз шамамен бір аптадай келіссөздер жүргіздік. Араб шейхтерімен келіскен соң, барлығы жеңілдей түсті. Дембоның өзі осыны қалағандықтан бір аптаның ішінде құжаттарды дайындап үлгердік. Негізі бізден басқа Еуропаның тағы бір командасы оған қызығып жатты. Алайда, Дембо «Астананы» таңдады. Содан кейін бұл трансфердің жылдам орын алғанының бір себебі біз оны жалға алып отырмыз. Сондықтан, қатты бір мәселе туындай қойған жоқ.

-       Алекса Амановичтің ауысқаны жайлы қандай пікір білдіре аласыз?

-     Бұл жерде бас бапкер Григорий Бабаянның факторы әсер берді. Ол кісі осы футболшымен жақын араласады. Оның ойыны бапкердің тактикасына дәл келетін секілді. Сол сияқты Жарко Томашевичті де алу қажет деп шешті. Біз қарсы болмадық. Жарконың да, Алексаның да статистикалық көрсеткіштері керемет. Чемпиондар лигасы секілді жарыста бізге осындай ойыншылар қажет қой.

-       Исламханның да «Астанаға» ауысуы мүмкін болған деседі ғой...

-       Ол жағын білмедім. Біз келіссөздер жүргізген жоқпыз. Бірақ, Исламхан секілді футболшыға қалай қызықпайсың? Бірақ, бұл футболшы 2 жыл футбол ойнамаған. Біз қазір қатты тәуекелге бара алмаймыз. Жалпы, команданың мақсаты күзде болатын топтық кезеңдердің біріне дайындалу. Сондықтан, футболшыларды дәл керек позицияға алып жатырмыз. 

-       Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×