Ел чемпионатының премьер-лигасында сегізінші турдың ойындары өтіп, жанкүйерлерді тағы да, кездейсоқ демесек те, қызықты нәтижелерімен таңдандырды.
«Ертіс» – Ақтөбе» – 1:2
Бұл турда көпшіліктің назары ерекше ауған ойын Керекудегі «Ертіс» пен «Ақтөбе» арасындағы матч еді. Мамандар босқа алаңдамапты, бұл ойын қым-қуыт оқиғаға толы болды. Матчтың 22-минутында бесінші турда алақанын жарақаттап алып, содан бері емделіп, осы ойында ғана алаңға шыққан Самат Смақов қайтадан жарақаттанып қалды.
Капитан алаңнан кетіп, орнына Д.Евстигнеев шықты. Алайда 10 минуттан соң «Ақтөбенің» асығы алшысынан түсіп, пенальти арқылы есеп ашты. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады, бірінші таймның аяғында жас талант Қуат Исламбек алаңнан қуылып, төреші екінші рет пенальти белгіледі. Бірақ қарама-қарсы қақпаға. Өзбек мергені Ұлықбек Бақаев мұндай мүмкіндікті бос жіберсін бе? Теңбіл допты қақпа торында балықша тулатып, таразы басын теңестірді. Әйтсе де бір ойыншысы кем болса да, «Ақтөбе» екінші таймда бір гол соғып, ерке Ертіс жағалауынан үш ұпай олжалап кетті.
Сөйтіп, өткен жылдың 12 маусымынан бері өз алаңында ұтылып көрмеген «Ертіс» Керекудің «Орталық» стадионында ұтылып қалып, жанкүйерлерін жасытты. Ал биылғы маусымды өте сәтсіз бастап, сүреңсіз ойындарымен өз жанкүйерлерін мезі қылған «Ақтөбе» түзде жеңіске жетіп, қайсарлық танытты.
«Тобыл» – «Қайсар» – 2:0
Осы турда «Тобылдың» төрт құбыласы тең түсті. Өз алаңында «Қайсармен» кездесіп, биылғы маусымда ойыны қожырап жүрген Сыр бойының аяқдопшыларын сүріндірді. Бір голды астықты өлкеге қайта оралған команда капитаны, Қостанай жұртшылығының көзайымына айналған сүйікті ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиев соқса, екіншісін биылғы маусымда сұрмергендер көшін бастап келе жатқан жас «пері» Бауыржан Жолшиев енгізді. Мұнымен шектелмей, «Тобыл» екінші орынға да көтерілді. Ал бір кездері құрамында қазақ жігіттері көп болған, шеберліктері шыңырау болмаса да, қайсарлықтың үлгісін көрсетіп жүретін сол жігіттердің қатары селдіреп, аутсайдерге арналған «Қайсар» болса, көш соңында салпақтап жүр. Бас бапкерлік тізгінді қолына алған Владимир Никитенко Қызылорда клубын түлете алар ма екен, жоқ, әлде «Қайсардың» қайраңда қалғаны қалған ба?
«Шахтер» – «Ордабасы» – 1:1
Басқа – басқа, бірақ биыл «Шахтердің» жолына жуа болып біткен «Ордабасы» болып тұр. Биылғы ел біріншілігі басталмай тұрып, осы екі клуб суперкубок аясында додаға түскен еді. Елорда төрінде өткен сол матчта «Ордабасы» Арқаның аяқдопшыларын ома қаптырып, мәртебелі кубокты Елбасының өз қолынан алып, «Шахтерді» шымбайынан «шымшылаған». Кеншілер клубы осы ойында сол жеңілістің есесін қайтармақ болып, қанша қыспаққа алса да, Шым-қаланың шымырлары шашаларына шаң жұқтырмай кетті. Тіпті бір гол соғып алып, жеңісті де өңгеріп кете жаздады. Алаң иелері соңғы минуттарда ғана есепті теңестіріп, бір ұпайға шүкіршілік етті. Бірақ «оһ, осы Ордабасыны-ай» деп аһ ұрып, тістеніп қала берді.
«Қайрат» – «Жетісу» – 1:0
«Ауылдары аралас, қойлары қоралас» екі команданың кездесуі (футболда мұны бір өңірдің дербиі дейді) жай ғана ойын емес, үш ұпай үшін шайқас болуы тиіс еді. Өйткені екі ұжым да көш соңында сылбырап, басшыларының да, жанкүйерлерінің де үміттерін ақтай алмай келеді. Бірақ сүйектен өтер суық жаңбыр екі команданың да өрнекті ойын үлгісін көрсетулеріне кесірін тигізді. «Қайрат» бағы жанып, бір гол соғып, өзіне ауадай қажет үш ұпайға қол жеткізді. Бұл матчта да «Қайраттың» сапында бесаспап шабуылшы жоқ екендігіне көз жеткіздік. Ал құрамына көп клуб қызығатын «Жетісу» клубының ойыны әлі мандымай жүр. Кежегелері кейін тартып, төмен сырғып барады. Команданың бас бапкері болып тіркелген Серік Әбдуәлиев: «Маусымға дайындық кезінде бәрі де ойдағыдай еді, қазір жолымыз болар емес, қырсық деген шыр айналдырып, ойынымыз үйлеспей жүр», – деп түсіндірді.
«Оқжетпес» – «Сұңқар» – 0:2
Өткен турда «Оқжетпес» елордада жергілікті «Астананы» 4:1 есебімен талқандап, қаһарына мінгендей еді. Көкшенің қабақтары қатулы көкжалдары енді екпін алған шығар деп те ойладық. «Оқжетпес», қақпасына доп жетпес» деп таңдайымыз тақылдап, тәнті болдық. Бірақ ол бір турға ғана азық болған қуаныш екен. Сегізінші турда Көкше клубы премьер-лигада бірінші рет доп теуіп жүрген Қаскелең клубынан ұтылып қалды. «Сұңқар» самғап, «Оқжетпестің» қақпасына бір емес, екі доп жеткізді. «Сұңқардың» жас бапкері Алмас Құлшынбаевтың алмастай жарқылдайтын кезеңдері әлі алда болғай деген тілектеміз. Кіл мықтылар арасындағы ығай мен сығайлар ортасында тәжірибесін толықтырып жүрген Алмас бауырымыз «Сұңқармен» самғай берсін деген тілегіміз барын жасырмаймыз.
«Атырау» – «Астана» – 1:0
«Мұржасы түзу болса да, түтіні түзу ұшпай жүрген» клубтардың бірі – «Астана». Жеті турда жетістірмеген, жеті ұпай ғана еншілеп, жұлдызды команданың жігерін құм қылған бас бапкер Олег Протасов желкесін көрсеткелі қашан?! Әйтсе де бұл клуб бауырын жаза алар емес. Мұнайлы өлкедегі «Мұнайшы» стадионында өткен ойынға елордалықтарды Григорий Бабаян бастап барып, ол да мұңайып қайтты. «Астананың» қорғанысын алынбас қамалға айналдырады деген Мұхтар Мұхтаров алаңнан қуылыпты. Жүйкесі сыр берген бе?..
Айтпақшы, «Оқжетпестен» күйрей ұтылған соң, тек Протасов қана емес, бірталай лауазымды тұлға «Астанадағы» жылы орынтақтарын суытуға мәжбүр болған. Атап айтқанда, клуб президенті Лашын Аймағамбетов те отставкаға кетіп, бапкерлер құрамындағы Томас Янитопулос пен Сергей Краковский де Протасовтың ізімен кеткен. Клуб президенті қызметіне Азамат Айтқожин тағайындалыпты. Ал бас бапкердің кім болары әлі белгісіз. Әу баста шет тілін жетік білетіндігінің арқасында алыстан келген білікті мамандарға көмекші болып, біраз тәжірибе жинаған Г.Бабаян тізгінді ұзақ ұстамас. Ұстаса да, оның «Астананың» тасын өрге домалатып, қарқынын күшейтуге қабілеті жетер ме екен?!
«Ақжайық» – «Тараз» – 3:0
Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Таразды» жүндей түтіп, көш басында одан әрі ойқастауда. «Тараз» да оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Биылғы чемпионатты өте жоғары қарқында бастап, көш басында төбе көрсеткен-ді де. Бірақ бесінші турдан бастап, жеңісінен жеңілісі жиілеп, төмен қарай жылыстап барады. Тек тым төмен сырғып кетпесе етті. Әйтпесе «Тараздан» тарақ қалғалы қашан деп жүрерміз. Любо Петрович ақсақалдың айласы мен амалы, ілімі мен білімі әлі таусыла қойған жоқ шығар. Десек те, Жайық жағасында «Тараз» ойынның алғашқы жарты сағатында-ақ өз қақпасынан үш мәрте доп қармап, салы суға кетті.
Тіл-көзіміз тасқа, әзірше «Ақжайықтың» айдарынан жел есіп тұр. Қарт Жайықтың ақкөбік атқан адуынды толқынындай арындап тұр. Словак маманы Йозеф Шкрлик құрамында маздап жанған жұлдыздары жоқ ұжыммен жоғары өрлеп барады. Ылайым солай болғай. Жағрафиялық орналасуымыз бойынша еліміздің Еуропа бөлігінде орналасқан команданың нағыз еуропалық ойын үлгісін көрсетуі өзіне жарасып-ақ тұр.
Автор: Нұрғазы САСАЕВ
алаш айнасы