Арынды «Ақжайық», ашулы «Астана»...

03.05.2012, 21:36
Арынды «Ақжайық», ашулы «Астана»...
Ел чемпионатының премьер-лигасында сегізінші турдың ойындары өтіп, жанкүйерлерді тағы да, кездейсоқ демесек те, қызықты нәтижелерімен таңдандырды. «Ертіс» – Ақтөбе» – 1:2 Бұл турда көпшіліктің назары ерекше ауған ойын Керекудегі «Ертіс» пен «Ақтөбе» арасындағы матч еді. Мамандар босқа алаңдамапты, бұл ойын қым-қуыт оқиғаға толы болды. Матчтың 22-минутында бесінші турда алақанын жарақаттап алып, содан бері емделіп, осы ойында ғана алаңға шыққан Самат Смақов қайтадан жарақаттанып қалды. Капитан алаңнан кетіп, орнына Д.Евстигнеев шықты. Алайда 10 минуттан соң «Ақтөбенің» асығы алшы­сынан түсіп, пенальти арқылы есеп ашты. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады, бірін­ші таймның аяғында жас талант Қуат Исламбек алаңнан қуылып, төреші екінші рет пенальти белгіледі. Бірақ қарама-қарсы қақпаға. Өзбек мергені Ұлықбек Бақаев мұндай мүмкіндікті бос жіберсін бе? Теңбіл допты қақпа торында балықша тулатып, таразы басын теңестірді. Әйтсе де бір ойыншысы кем болса да, «Ақтөбе» екінші таймда бір гол соғып, ерке Ертіс жағалауынан үш ұпай олжалап кетті. Сөйтіп, өткен жылдың 12 маусымынан бері өз алаңында ұтылып көрмеген «Ертіс» Керекудің «Орталық» стадионында ұтылып қалып, жанкүйерлерін жасытты. Ал биыл­ғы маусымды өте сәтсіз бастап, сүреңсіз ойын­дарымен өз жанкүйерлерін мезі қылған «Ақтөбе» түзде жеңіске жетіп, қай­сар­лық танытты.  «Тобыл» – «Қайсар» – 2:0 Осы турда «Тобылдың» төрт құбыласы тең түсті. Өз алаңында «Қайсармен» кез­десіп, биылғы маусымда ойыны қожырап жүрген Сыр бойының аяқдопшыларын сүріндірді. Бір голды астықты өлкеге қайта оралған команда капитаны, Қостанай жұрт­шылығының көзайымына айналған сүйікті ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиев соқса, екіншісін биылғы маусымда сұр­мер­гендер көшін бастап келе жатқан жас «пері» Бауыржан Жолшиев енгізді. Мұны­мен шектелмей, «Тобыл» екінші орынға да көтерілді. Ал бір кездері құрамында қазақ жігіт­тері көп болған, шеберліктері шыңырау болмаса да, қайсарлықтың үлгісін көрсетіп жүретін сол жігіттердің қатары селдіреп, аутсайдерге арналған «Қайсар» болса, көш соңында салпақтап жүр. Бас бапкерлік тізгінді қолына алған Владимир Никитенко Қызылорда клубын түлете алар ма екен, жоқ, әлде «Қайсардың» қайраңда қалғаны қалған ба? «Шахтер» – «Ордабасы» – 1:1 Басқа – басқа, бірақ биыл «Шахтердің» жолына жуа болып біткен «Ордабасы» болып тұр. Биылғы ел біріншілігі басталмай тұрып, осы екі клуб суперкубок аясында додаға түскен еді. Елорда төрінде өткен сол матчта «Ордабасы» Арқаның аяқдоп­шы­ларын ома қаптырып, мәртебелі кубок­ты Елбасының өз қолынан алып, «Шах­тер­ді» шымбайынан «шымшылаған». Кен­­шілер клубы осы ойында сол жеңілістің есесін қайтармақ болып, қанша қыспаққа алса да, Шым-қаланың шымырлары ша­ша­ларына шаң жұқтырмай кетті. Тіпті бір гол соғып алып, жеңісті де өңгеріп кете жаздады. Алаң иелері соңғы минуттарда ғана есепті теңестіріп, бір ұпайға шүкіршілік етті. Бірақ «оһ, осы Ордабасыны-ай» деп аһ ұрып, тістеніп қала берді. «Қайрат» – «Жетісу» – 1:0 «Ауылдары аралас, қойлары қоралас» екі команданың  кездесуі (футболда мұны бір өңірдің дербиі дейді) жай ғана ойын емес, үш ұпай үшін шайқас болуы тиіс еді. Өйткені екі ұжым да көш соңында сылбы­рап, басшыларының да, жанкүйер­лерінің де үміттерін ақтай алмай келеді. Бірақ сүйектен өтер суық жаңбыр екі команданың да өрнекті ойын үлгісін көрсетулеріне кесірін тигізді. «Қайрат» бағы жанып, бір гол соғып, өзіне ауадай қажет үш ұпайға қол жеткізді. Бұл матчта да «Қайраттың» сапында бесаспап шабуылшы жоқ екен­дігі­не көз жеткіздік. Ал құрамына көп клуб қызығатын «Жетісу» клубының ойыны әлі мандымай жүр. Кежегелері кейін тартып, төмен сырғып барады. Команданың бас бапкері болып тіркелген Серік Әбдуәлиев: «Маусымға дайындық кезінде бәрі де ойдағыдай еді, қазір жолымыз болар емес, қырсық деген шыр айналдырып, ойыны­мыз үйлеспей жүр», – деп түсіндірді. «Оқжетпес» – «Сұңқар» – 0:2 Өткен турда «Оқжетпес» елордада жер­гілікті «Астананы» 4:1 есебімен талқан­дап, қаһа­рына мінгендей еді. Көкшенің қабақ­тары қатулы көкжалдары енді екпін алған шығар деп те ойладық. «Оқжетпес», қақ­па­сына доп жетпес» деп таңдайымыз тақыл­дап, тәнті болдық. Бірақ ол бір турға ғана азық болған қуаныш екен. Сегізінші турда Көкше клубы премьер-лигада бірінші рет доп теуіп жүрген Қаскелең клубынан ұтылып қалды. «Сұңқар» самғап, «Оқ­жет­пестің» қақ­пасына бір емес, екі доп жеткіз­ді. «Сұң­қардың» жас бапкері Алмас Құл­шын­баевтың алмастай жарқылдайтын кезеңдері әлі алда болғай деген тілектеміз. Кіл мық­ты­лар арасындағы ығай мен сығайлар орта­сында тәжірибесін толық­ты­рып жүрген Алмас бауырымыз «Сұң­қар­мен» самғай берсін деген тілегіміз барын жасыр­май­мыз. «Атырау» – «Астана» – 1:0 «Мұржасы түзу болса да, түтіні түзу ұшпай жүрген» клубтардың бірі – «Астана». Жеті турда жетістірмеген, жеті ұпай ғана еншілеп, жұлдызды команданың жігерін құм қылған бас бапкер Олег Протасов желкесін көрсеткелі қашан?! Әйтсе де бұл клуб бауырын жаза алар емес. Мұнайлы өлкедегі «Мұнайшы» стадионында өткен ойынға елордалықтарды Григорий Бабаян бастап барып, ол да мұңайып қайтты. «Ас­та­наның» қорғанысын алынбас қамалға айнал­дырады деген Мұхтар Мұхтаров алаңнан қуылыпты. Жүйкесі сыр берген бе?.. Айтпақшы, «Оқжетпестен» күйрей ұтыл­ған соң, тек Протасов қана емес, бірталай лауазымды тұлға «Астанадағы» жы­лы орынтақтарын суытуға мәжбүр бол­ған. Атап айтқанда, клуб президенті Лашын Айма­ғамбетов те отставкаға кетіп, бап­кер­лер құрамындағы Томас Янитопулос пен Сергей Краковский де Протасовтың ізімен кеткен. Клуб президенті қызметіне Азамат Айтқожин тағайындалыпты. Ал бас бап­кер­­дің кім болары әлі белгісіз. Әу баста шет тілін жетік білетіндігінің арқасында алыс­­тан келген білікті мамандарға көмекші бо­лып, біраз тәжірибе жинаған Г.Бабаян тіз­гін­ді ұзақ ұстамас. Ұстаса да, оның «Ас­­та­­наның» тасын өрге домалатып, қар­қы­нын күшейтуге қабілеті жетер ме екен?! «Ақжайық» – «Тараз» – 3:0 Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Таразды» жүндей түтіп, көш басында одан әрі ойқастауда. «Тараз» да оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Биылғы чемпионатты өте жоғары қарқында бастап, көш басында төбе көрсеткен-ді де. Бірақ бесінші турдан бастап, жеңісінен жеңілісі жиілеп, төмен қарай жылыстап барады. Тек тым төмен сырғып кетпесе етті. Әйтпесе «Тараздан» тарақ қалғалы қашан деп жүрерміз. Любо Петрович ақсақалдың айласы мен амалы, ілімі мен білімі әлі таусыла қойған жоқ шы­ғар. Десек те, Жайық жағасында «Тараз» ойынның алғашқы жарты сағатында-ақ өз қақ­пасынан үш мәрте доп қармап, салы суға кетті. Тіл-көзіміз тасқа, әзірше «Ақжайықтың» ай­дарынан жел есіп тұр. Қарт Жайықтың ақ­көбік атқан адуынды толқынындай арын­­дап тұр. Словак маманы Йозеф Шкр­лик құрамында маздап жанған жұл­дыз­дары жоқ ұжыммен жоғары өрлеп барады. Ылайым солай болғай. Жағрафиялық орна­ласуымыз бойынша еліміздің Еуропа бөлі­гінде орналасқан команданың нағыз еуро­палық ойын үлгісін көрсетуі өзіне жа­ра­сып-ақ тұр.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

алаш айнасы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×