«Арыстан бүкіл орманға қарсы»

13.04.2013, 00:38
«Арыстан бүкіл орманға қарсы»

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген сөз бар. Галатасарайдың қазіргі халін осы мәтел дәл сипаттайды. Реал Мадридпен қонақ алаңда теңбе-тең, өз алаңында басым ойнаса да жартылай финал бұйырмаған Джимбомдықтарға (Галатасарайдың лақап аты-ред) қолынан келген әркім Супер Лигада да чемпиондықты бермеу үшін барын салып бағуда. Сезонның алдыңғы бөлімін бірінші болып бітірген, екінші жартысында да лидерлік тәжін ешкімге бермеген аталмыш команданың әр матчы дербиге бергісіз өтетін болды. Соның бірі Ордуспор командасымен болған кездесу. Галатасарайдың алаңында ойналған аталмыш матчта төреші алғашқы қырық бесте есепті 2-0 етіп, қонақ команданың пайдасына шешіп берді. Төреші Серкан Шынардың ашықтан ашық бүйрегі бұра тартқанын көрген Галатасарай бапкері Фатих Терім қарсылық білдіріп, үзілісте төрешіге батырыңқырап сын айтқан болатын. Мұны көтере алмаған төреші «Императорды» трибунаға жолдады.

Ал ойынның екінші жартысында жағдай мүлдем өзгерді. Ашуға мінген Галатасарайлықтар 45 минутта Ордуспордың қақпасына төрт голды бірден тоғытты. Осылайша Һәм Ордуспорды, һәм төреші Серкан Шынарды жеңген Галатасарай жайлы ертесінде газеттер «Шынарды құлатты» деп жазды. Аталмыш матчта Фатих Теримге үш матч жаза берілді. Фатих Териммен бірге орынбасары Хасан Шаш та жазаның қамытын киді. Үш матч бойы команданы Үміт Давала баптады. Тіптен, қызығы сол, Кайсеріспормен кездесуде командасымен бірге бола алмаған Фатих Теримнің орнына Моуриньо аяқдопшылар шешінетін бөлмеге кеп ойынға сәттілік тіледі. Өйткені Фатих Теримге ол жерге кіруге де тыйым салынған болатын. Ал Моуриньо ЧЛ ширек финалдан бұрын Галатасарайды бақылау үшін келген-ді. Жазасы бітті, Фатих Терим қайтадан шәкірттерінің жанына оралды. Алайда сезонның бітуіне жеті апта қалғанда аталмыш сценарий қайтадан қайталанды. Аутсайдер МерсинИдманЮрдымен өткен кездесуде Галатасарай 3-минутта қақпасына гол өткізіп алды. Бұрыштамадан ұрылған допты басымен көлегейлеймін деп Гөкхан Зан қақпашы Муслераны жаңылтты. Гөкхан Зан допқа тосқауыл бола алмады, доп домалап барып Мерсиндік футболшы Бурханға дөп келді. Ал Бурхан болса қақпаны дәл көздеді. Шәкірттерінің үсті-үстіне жіберген қателері, бұған қоса төреші Сүлейман Абайдың ереже бұзған қонақ командаға жасамаған ескертулері Фатих Теримнің сабырын түгесті. Хамиттің кезекті қателігінде шыдап тұра алмаған «Император» допты қолымен алып жерге ұрған болатын. Сол себепті Сүлейман Абай Фатих Теримді трибунаға жолдады. Фатих Теримнің орнында Хасан Шаш қалды. Сүлайман Абайдың қитұрқылықтары жалғасқан үстіне жалғаса түсті. Қонақ команданың ойыншылары олай да былай да ойқастайды, төрешіден реакция жоқ. Ал Галатасарай ойыншысы «тиіп қойса қонақ ойыншылар кіш етіп қояды», ал бұған Сүлайман Абайдың сары карточкасы дайын. Қонақ команда ойыншысы допты алып Галатасарай қақпасына беттеп бара жатқан-ды. Қорғаныстағы Дани оған бөгет болайын дегенде аяқдопшы құлап түсті. Сүлайман Абай Даниды қызыл карточкамен ойыннан аластатты. Көше футболындағы төрешінің біліктілігінен де төмен шешімдер Хасан Шаштың да сабырын тауысты. Бұл жолы Хасан Шаш трибунаға... Үміт Давала қалды. Алайда Давала да көп шыдап тұра алмады, кезекті шешімдердің бірінде мойнындағы ТФФ карточкасын жерге лақтырды. Оның да баратын жері белгілі. Алғашқы тайм 1-0 есебімен МерсинИдманЮрдының басымдығымен аяқталды. Екінші қырық бесте күшіне мінген Галатасарайлықтар, үсті-үстіне үш гол соғып, төрешісінен бастап барлығының аузына құм құйды. Ал осы таймда алаң иелерінің жаттықтырушысы кім болғанын болжай аласыз ба? Массажист! Ол һәм жарақат алған футболшыларға һәм шипа, һәм тактика үйретіп, футбол тарихында қалды. Галатасарайдың кезекті матчы Карабукспор алаңында. Лидер командаға келгенде түймедейді түйедей көретін Федерация(ТФФ) Фатих Теримді, Хасан Шашты және Үміт Даваланы жазасыз қалдырмайтыны анық. Егер үшеуі де жаза алатын болса команда ескі қақпашы Клаудио Таффарельге, тіптен болмаса бұрымды бапкер Дуйгу Ердоғанға аманатталатыны айтылуда. Қалай дегенмен де Еуропада Моуриньоның көзін қорқытқан, Супер Лигада 55-аптадан бері лидерлікті ешкімге ұстатпай келе жатқан Галатасарайды чемпиондыққа бұл сезон да ең лайық екеніне ешкім дау айта алмайды. Алайда түріктердің мәтелімен айтсақ, «үйдегі есеп базардағымен сәйкеспей», яғни ТФФ-ның жоспары Супер Лига есебімен сәйкеспей жатқан соң аяқтан шалатындарға өліспей беріспейтіндігін көрсеткен Галатасарайдың халін футбол сарапшылары «Арыстан (Галатасарай-ред) бүкіл орманға қарсы» деп дәл сипаттайды.

Ғалия Серікқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×