«Аладоп.кз» ЧЛ плей-офф кезеңіндегі «Қайрат» - «Селтик» кездесуіне байланысты белгілі бапкер Асқар Қожабергеновтен сұқбат алып, пікірін білді.
Командалардың қарымта ойыны ертең 21:45-те басталады.
«Ертең тағы да өте ауыр ойын болады. Сырт алаңда тиімді нәтижеге жету керек едік, команда оған қол жеткізді. Бірақ бәрібір «Қайратқа» басымдықпен ойнау қолайсыз. Өйткені, «Селтик» тәжірибелі, мықты қарсылас. Бапкерлері де, шотландиялық БАҚ-та да қажетті нәтижені бірінші ойында жасап тастап, қарымта кездесуге «Челси» сияқты негізгі құрамға қосалқы құрамды араластырып әкелу ойлары болғанын айтқан. Себебі, «Қайраттан» кейін оларда супер дерби болады «Рейнджерспен». Енді жоспарлары іске аспағаннан кейін олар ашулы. «Рейнджерспен» ойынды қоя тұратын сияқты. Қазір оларға ең бастысы Чемпиондар Лигасының негізгі кезеңіне шығып алу керек. Сондықтан, Алматыға негізгі құрам келеді. Бізге «Селтиктің» алыс жолы мен Алматының климаттық жағдайы біраз басымдық береді. Аклиматизация деген бар, байқасаңыз, Алматыға келген барлық командалар екінші таймда шаршап қалып, біраз проблемаға тап болған еді. Сондықтан, бізге осы жағынан кішкене басымдық бар. Бірақ, бәрбір біз олармен әрине, бірінші нөмірмен ойнай алмаймыз. Ең бастысы, қақпамызды аман сақтап, мүмкін, қарымта шабуыл арқылы ойнасақ дұрысырақ болады», - деді А. Қожабергенов.
«Қайрат» алғашқы кездесуде Шотландияда 0:0 ойнап қайтқан болатын.