«Аладоп.кз» белгілі бапкер Асқар Қожабергеновпен хабарласып, «Қайрат» - «Реал» арасындағы матч пен оның айналасындағы дүниелер жайлы көлемді сұқбат жасады.
Танымал маман айтулы ойынды қортындылап, тұщымды ойымен бөліскен болатын.
- Асқар Сейдахметұлы, жалпы матч туралы пікіріңіз? 0:5-тен кейін алматылық клуб сапында кімді ерекшелеп айтуға болады?
- Ең алдымен дүние жүзіндегі ең атақты клубтың келуі біздің жанкүйерлерге, Қазақстан футбол қауымдастығы мен «Қайраттың» өзі үшін де үлкен олжа! Мұндай ажиотажды мен әлі көрмеппін. «Қайрат» мұндай деңгейге бірінші рет шығып отыр, екеуі екі деңгейдегі команда. Аралары жер мен көктей деуге болады. Бірақ, біз бәрібір «Қайратқа» рахмет айтуымыз керек! Осындай азулы команданы алып келді. «Реалды» теледидардан емес, стадионнан көруге мүмкіндік бергені үшін алғыс. Енді ойынның өзіне келер болсақ, 5 гол жіберген команданы мақтау қиын. Қазір бәрін қорғаушыларға «итере» салуға болады. Бірақ, ол тек қорғаушылардың ойынына байланысты емес. Мұнда жартылай қорғаушылардың да қатысы бар. Жеке өз басым бұл матчта жас қақпашы Шерхан Қалмұрзаны атап өткім келеді. Кірген голдардың ешқайсысында оның қателігі болған жоқ. Оларды тойтару, қақпасын аман алып қалу өте қиын болды. Ең бастысы өлшеусіз тәжірибе алды. Шерхан үшін, оның болашағына, мансабына керек болатыны анық, бір кәдесіне жаратады. Сондықтан, бұл бәсекеде тек Шерханның өнері жайлы айтуға болады.
- Ойын осылай аяқталады деп ойладыңыз ба?
- Ойсырай ұтылса да, бұл «Қайраттың» футболшылары үшін өте үлкен тәжірибе. Мұндай топ-клубтармен ойнамасақ, тәжірибе жинай алмаймыз. Меніңше, Мбаппе дәл қазір Әлемдегі ең мықты шабуылшы. Оны тұсап ұстау біздің футболшыларға әрине, өте қиын болды. Өзінің дәрежесін, деңгейін кеше дәлелдеп, көрсетіп кетті. Қалай дегенде де, футболшыларымызды сөге бермеуіміз керек. Осы турда көріп жатырсыздар, «Қайраттан» да мықты командалар ойсырай ұтылып жатыр. Мұнда «Айнтрахт» Франкфурт, «Аякс» сияқты клубтарды айтып отырмын. Қазір әрбір ойын біз үшін тәжірибе. «Қайратпен» шамалас немесе деңгейі сәл жоғарылау деген «Пафос», «Копенгаген» және «Олимпиакоспен» ұпай ала аламыз деген сенімдемін.
- Енді ұйымдастыру жағына тоқталсақ... Не байқадыңыз?
- Әрине минустар болады ғой. Ол түсінікті жағдай, өйткені мұндай деңгейдегі ойындар күнде болып жатқан жоқ. Матчқа екі сағат бұрын турникеттер арқылы өту өте ыңғайсыздық тудырды. Адамдар бір-бірін итеріп, қысылысып, жалпы өте ситуацияны байқадық. Жұртшылық екі сағаттан да артық кезекте тұрды деп естіп жатырмыз. Ол енді «Қайраттың» ғана қателігі емес, «Орталық» алаңның әбден ескіргенін де ескеруіміз керек. Стадионның жанкүйерлерді кіргізіп-шығару секілді функциясында олқылық жеткілікті. Бірақ, былтыр «Челси» келгенде ондай ажиотаж болған жоқ. Ол да түсінікті, «Челсидің» екінші құрамы деді, бір жағынан ойын желтоқсанда өткен. Мүмкін кезінде Астанаға «МЮ», «Бенфика» мен «Галатасарай» келгенде осыған ұқсас жағдай болған шығар. Ондағы стадион жаңа, функциялары да едәуір көп Алматыдағы алаңға қарағанда.
- Асқар Сейдахметұлы, стадионда отырып біраз ой түйгеніңіз анық. Біздегі жанкүйерлік жағы қалай екен? «Реалға» ауып кетпедік пе?!
- Меніңше, кеше жанкүйерлердің мәдениеті ойдағыдай болды. Кім біледі, көпшілік сол «Реалдың» жұлдыздарын көру үшін де келген шығар. Алайда, «Реалдың» фан секторынан басқасынан ерсі ештеңе байқамадым. Жиналған 23 мың жанкүйердің барлығы ойынның басынан соңына дейін «Қайратты» қолдады деуге болады.
- Асқар Сейдахметұлы, әңгімеңізге көп рахмет, сәттілік!
- Сіздерге де рахмет!